Жамбыл өңірінде өз еркімен өтініш білдірген 4035 медицина, 1068 білім саласының қызметкері ерікті түрде екпе салдырған. Олардың қатарында балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып педагогтары, колледж ұстаздары, білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері бар. Бұл туралы ӨКҚ ақпарат алаңында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Аймақтың бас дәрігерінің мәліметінше бүгінде облыста Спутник V вакцинасының 1 компонентімен барлығы 5540 адам егілген. Oлардың 72,8% жоғарыда айтылған медицина қызметкерлері, 19.8% ұстаздар қауымы құрайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаментінің қызметкері — 26 (0,5%), 10 — студент (0,02%), әлеуметтік мекеменің – 1 қызметкері (0,02%), мемлекеттік қызметшілер – 11 (0,2%), 359 — тағы басқалары(6,5 %) бар.
Бүгінгі күні екпе салдырған педагогтардың денсаулығы қалыпты. Қандай да бір кері әсерлері болмаған.
— Ұстаз өз еркімен вакцина алуға жазбаша келісім берген соң, алдымен арнайы екпе үшін дайындалған бөлмеге барып денсаулығын тексертеді. Онда дене қызуы мен қан қысымын өлшетеді. Кінәрат болмаған соң бірінші дозасын қабылдайды. Кейін30 минут дәрігердің бақылауында болады, — деді Ә. Қалиев.
— Вакцинаны алғаннан кейін де педагогтар дәрігерлердің бақылауында болады. Өңірдегі педагогтарға екпе туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін әр мұғалім жауапты. Сондықтан вакцина алуды әр педагог азаматтық міндеті деп есептеу керек, — деді Г. Ходжабергенова.
Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша биыл 18 жастан асқан 593 700 адамды COVID-19-ға қарсы екпе салынады. Бұл облыс халқының 52%-ы деген сөз. Кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.