Тараздағы көпқабатты үйлер жаңа басқару тәсіліне көшуде

0 0

Тараздағы көпқабатты үйлер жаңа басқару тәсіліне көшуде. Алайда тұрғындар тұрғын үйлерін күтіп ұстау бойынша жауапкершілік алғысы келмейді. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ, брифингке Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев те қатысып, осы тақырып төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді. Спикерлер мүліктің меншік иелері бірлестігі мен жай серіктестік құру туралы түсіндірді (бұдан әрі МИБ және ЖС).

Спикерлердің айтуынша, бүгінде Тараз қаласы бойынша екі МИБ мен 5 ЖС құрылған. Сонымен қатар, атқарушы билік тарапынан тағы алты МИБ, екі ЖС тіркелу жұмыстары жүргізілуде.

— Басқару органдарын құру бойынша жұмыс жүргізу барысында тұрғындар меншік иелерінің бірлестігін құруға ниет білдірмеуде. Себебі, меншік иелері бірлестігі заңды тұлға болып табылады және банктерде жинақ шоттарын ашуды талап етеді, басқа да функцияларды атқарады. Тұрғындар арасынан жауапкершілікті ешкім алғысы келмейді. Басқару органдарының жаңа формаларына өту бойынша тұрғындармен жалпы 127 жиын өткізілді, 64 үйдің тұрғындарына жиналыс хаттамалары мен МИБ жарғысы және «Бірлескен қызмет туралы шарт» берілді, — деді Ғ. Ералиев .

Айта кетейік, бұл жаңа басқару тәсілдеріне көшкен жағдайда ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 42-бабына сәйкес тұрғын үй мүліктерін күтіп, сақтауға септігі көп болады. Бұл ретте тұрғындар пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кондоминиум объектісін басқарудың екі тәсілін таңдауға міндетті. Оның біріншісі — мүліктің меншік иелері бірлестігі болса, екіншісі — көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі. Тұрғындар тарапынан таңдау қайссына түсссе де тұратын жайларын сапалы ұстауға жауапкершілік жүктеледі. Ал тұрғындар пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері осы баптың 1-тармағында айқындалған, кондоминиум объектісін басқару нысандарын таңдауда және ауыстыруда ерікті болады.

Қазір Таразда 34 басқару органы, атап айтқанда 29 Пәтер иелері кооперативі, 4 үй басқарушы, 1 сервистік компания техникалық қызмет көрсететін 409 үйлерде жаңа басқару органдарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. ПИК кооперативтерінің төрағаларымен 4 мәрте жиналыс ұйымдастырылып жаңа басқару формаларына көшу бойынша жұмыстар жүргізу қажетілігі туралы түсіндірілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.