Биыл мешітте намаз оқып, ауызашар өткізуге рұқсат — бас имам Бейбіт Мырзагелдиев

0 6

Пітір садақасын онлайн түрде Каспий банк қосымшасында «Пітір-садақа» бөлімі арқылы да аударуға болады. Биыл пітір садақасы жан басына 420 теңге болып бекітілді. Оның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚМД басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Брифингте бас имам биылғы фидия мөлшерін де айтып өтті. Ол оразаның әр күні үшін 2500 теңге болып бекітілген.

«Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Бір міскіннің тамағын берсін» деген. Яғни, фидия дегеніміз – ораза ұстауға шамасы келмеген адамның бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе 60 кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру. Оны ақшалай да беруге де болады. Оның мөлшерін әр елдің мүфтияты нарыққа байланысты белгілейді. Фидия беруге шамасы келмеген кісі Алладан кешірім тілейді», деді Б. Мырзагелдиев.

Айта кету керек, биыл мұсылман жұртшылық асыға күткен қасиетті ай сәуірдің 13 жұлдызында басталады, ал 12 сәуірде тарауық намазы оқылады және ораза 30 күнге толмақ. Ұлық ораза айт мерекесі 13 мамырда аталып өтіледі. Қадір түні мамырдың 8-нен 9-на қараған түні.

Биыл Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастырылады. Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар өтеді. Айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл күй сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады. «Жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізбек.

— Осы жылы тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылады. Тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық беріледі, — деді спикер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.