Тараз қаласының әкімі Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті

0 23

Бүгін Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев аймақтағы Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Шараға шаһардағы газет, телеарналардың бас редакторлары мен журналистері қатысты.

— Шаһардың дамуы мен өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз үшін рахмет! Қазір қала тұрғындарымен кездесіп жатырмын! Тұрғындар тарапынан жол, қоғамдық көлік, су, жарық, халық демалатын жерлерді қалыпқа келтіру мәселелері айтылуда. Осы көтеріліп жатқан мәселелр бойынша нақты 4 бағыттан тұратын «Жол картасын» дайындап жатырмыз! — деді Ержан Жұматұлы.

Сондай-ақ шаһар басшысы басқа қалалардан жеткізіп жатқан, көп тұтынатын өнімдерді өзіміздің қалада шығаруымыз керек екенін атап өтті.

— Тараздағы тарихи жерлерді қалпына келтіреміз. Қала келбетіне көңіл бөлу керек. Шаһарға кірген тұстан бастап билбордтар мен жазулар ілініп тұр. Мұндай бей-берекет ілінген жазуларды алдырып жатырмыз! — деді Ол.

Шарада журналисттер қалаға қатысты өзекті мәселелер мен ұсыныс тілектерін айтты.

— Төле би көшесінде орналасқан «ҚР Тұңғыш Президенті» саябағы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған саябақтардағы орындықтар сынып, тозып кеткен. Осы мәселер қолға алынса, — деді «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт.

Шаһар басшысы бұл мәселе қолға алынғанын, қазірде қалада 42 учаскеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «ҚР Тұңғыш Президенті» саябағындағы субұрқақтың жөнделініп жатқанын жеткізді.

Бұдан кейін «Айқын» газетінің тілшісі Саятхан Сатылғанов:

— Өзіңіздің үндеуіңізде айтқан «Қақпасыз қала» жобасы бойынша әлі де облыстық Шоқан Уалиханов кітапханасы, ІІД, Кірістер департаменті, құқық қорғау саласы, облыстық сот әлі де қақпамен тұр. Бұл жоба қашан жүзеге асады? Сондай-ақ, жақында жауған жауынның әсері шаһардағы су ағатын каналдардың бітеліп қалғанын көрсетті, — деді.

— Бұл қақпалар кезінде қылмыстар, ұрлықтар көбейіп тұрған кезде салынған. Қазір ондай қылмыстар азайды ғой. Қақпаның орнына неге гүл екпеске! Халық қазір түсініп жатыр. Қақпаларын алып жатыр, егер өздерінің алуға қаражаттары болмаса, өзіміз техникалар жұмылдырып, алып беріп жатырмыз! Айта кетерлігі мектеп, аурухана, құқық қорғау органдарының қақпалары алынбайды. Ал, сулардың ақпауы каналдардың қоқысқа толу себебінен. Қазір шаһардағы каналдарды тазартып жатырмыз! Бірақ тұрғындардың бей-берекет қоқыс тастамауын өтінеміз! — деп жауап берді қала басшысы.

Ержан Жылқыбаев қалада велосипед жолдарын салу жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ 30 аялдама жаңа келбетке енетінін жеткізді.

Сонымен қатар басқосуда тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, үйсіз жануарларды апаратын жерлер соғу, үйлердің алдындағы балалар ойын алаңшасын қалыпқа келтіру, жөндеу, жаңарту сынды т.б мәселелер мен ұсыныстар қаралды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.