«Ashyq» бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлер үшін қосымшамен жұмыс істеуде QR-кодты алу ережесі өзгерді. Бизнес иелеріне QR-кодты алу үшін infokazakhstan.kz сайтында өтініш беру қажет. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының м.а. Нұралы Ергебаев айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
Спикердің айтуынша, жоба талаптарына сәйкестікті тексерілген соң жеке кабинетте код пайда болады. Аталған код арқылы қосымшамен сынақ режиімінде жұмыс істеуді үйрену және 1 апта бойы жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі. Ал, қоғамдық тамақтану және кинотеатрлардың иелеріне өтінішті алдымен салалық қауымдастыққа беріп, кейін infokazakhstan.kz сайтынан qr-кодты алу қажет.
«Qr-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері секілді деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 qr-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке qr-код беріледі. Жобаға қосылатындар қатарында йога орталықтары, фитнес-клубтар, спа орталықтары, сауналар, бассейндер, PlayStation, компьютерлік (16 жасқа дейінгі тұлғаларды қоспағанда) және боулинг клубтар бар. Бұл бағытта бірінші кезең 14 сәуірден басталды, кинотеатрлар, театрлар мен филармониялар, банкет залдарын, асхана, фаст-фудтарды, стрит-фудтарды қоспағанда, қоғамдық тамақтандыру объектілері қосылды. Бүгіннен 5 мамырдан бастап караокелер кіреді. «Жасыл» аймақтағы банкет залдары да бар. Жобаны енгізуді жеңілдету үшін Telegram мессенджерінде @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі іске қосылды.» деді, Н. Ергебаев.
Айта кетейік, 1 сәуірде Мемлекет басшысы Үкіметке «Ashyq» жобасын республика шеңберінде кеңейту туралы тапсырма берді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың жобаны енгізу туралы қаулысы қабылданды. 26 сәуірде «Ashyq» пилоттық жобасы өз жұмысын тоқтатып, содан кейін ол барлық өңірлерге тарады. Әзірге жобаға Нұр-сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан басқа Көкшетау, Ақтөбе, Тараз және Талдықорған қалалары қосылды.
«Ashyq» – қоғамдық орындарға барушыларды тіркеу қосымшасы. Оны пайдаланушы кіреберісте арнайы qr-кодты сканерлеп, әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады. Қосымша адамдарды түрлі түстер арқылы анықтайды. Мәселен, «Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек. «Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік, үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады. «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат. «Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсатты білдіреді.