Жамбыл ауданының тұрғындары енді қан талдауларын жасау үшін қалаға сабылмайтын болды. Ауданда 800-ден аса сараптама жасауға арналған екі бірдей орталық іске қосылды. Қос нысанның жұмысымен бүгін аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов арнайы танысты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.
Егемендікке қол жеткізгелі Жамбыл ауданында 400-ге жуық әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы нысандар бой көтеріп, бүгінде 86 мың халқы бар жамбылдықтарға қызмет көрсетуде. Қазір бұл нысандардың қатарына «Invivo» зертхана лабораториясы мен «Аsa-optica» орталығы қосылды.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов Аса ауылынан бой көтерген зертханаға арнайы барып, мүмкіншілігімен етене танысты. Зертханаға келушілердің қарасы қалың, өйткені бағасы қолжетімді. Ашылғанына көп болмаса да мұнда 100-ден астам тұрғындар дертіне дауа іздеп келген.
Бүгінгі күні зертхана медициналық талдаулардың 800-ден астам түрін жүргізеді. Қазіргі уақытта елімізде 187-ден астам қабылдау орталығы, 2 зертхана табысты жұмыс істейді. Мемлекеттік лицензияларға сәйкес, зертхана екі негізгі қызмет түрін жүзеге асырады. Бірінші – зертханалық диагностика: бактериологиялық, иммунологиялық, жалпы клиникалық, биохимиялық, серологиялық зерттеулер. Екінші алғашқы медициналық-санитарлық көмек.
Технологиялар барлық зертханалық зерттеулердің тарихын сақтауға мүмкіндік береді, бұл статистиканы жинауға және мемлекеттік органдарға ұсыну үшін зертханалық сынақтарды талдауға, сондай-ақ қажет болған жағдайда пациенттің бірінші талабы бойынша қайталанатын зерттеулер жүргізуге септігі тиеді. Бұл туралы пунктінің директоры Жеңіс Сопбеков егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Зертхана бөлмелерін аралаған Олжас Елебекұлы санитарлық тазалықты сақтау, бетперде режимін бұзбау, халыққа сапалы қызмет көрсету керектігін атап өтіп, жамбылдықтарды мүмкүншілігі мол зертхананың ашылғаны туралы хабардар ету қажеттігін алға тартты.