Бүгінгі таңда облыс бойынша 68 мың гектар алқапты алып жатқан ауыл шаруашылығы дақылдары суарылған, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Диқандарға ағын су жеткізу мақсатында «Қазсушар» РМК облыстық филиалы 2610 шаруа қожалықпен келісім-шарт жасасқан. Биыл келісім-шарт негізінде 83,2 мың гектар алқапқа ағын су жеткізілу көзделген. Сәуір-мамыр айларында диқандардың сұранысына қарай секундына 119,7 миллион текшеметр су беру жоспарланса, бүгінгі таңда жоспар 91 пайызға орындалып, шаруашылықтар тиісті ағын сумен барынша қамтылған. Ішкі су көздері бойынша диқандар судан тапшылық көріп отырған жоқ. Ондағы су ұсынылған өтінімдерге сәйкес толық көлемде берілуде.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, биыл дақылдарды суару күтілген мерзімнен кеш басталыпты.
— Ішкі су көздері бойынша су тапшылығы сезілмеуде. Ағын су диқандардың берген өтінімдері негізінде кедергісіз берілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 68 мың гектар алқапты алып жатқан ауыл шаруашылығы дақылдары ылғалдандырылған. Атап айтсақ, оның ішінде дәндік жүгері – 13,2, сүрлемдік жүгері – 692, көкөніс – 6,6, пияз – 7,8, қант қызылшасы – 2,8, көп жылдық шөп – 23,6, бақша – 4,7, картоп – 4,2, майлы дақылдар – 243, бақ – 443 мың гектар алқапты құраса, ылғалдандырылған бидай мен арпа алқаптары – 3,7 мың гектарға жетіп отыр, — дейді басқарма басшысы.
Аудандардың ағын сумен қамтылуы да қалыпты. Мәселен, Жамбыл ауданында 5103 гектар алқап ылғалдандырылған. Ондағы алқаптарды ағын сумен қамту үшін «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына 153 миллион текшеметр су қоры жиналған болатын. Бұдан бөлек, өзге су көздері арқылы 248 гектар көкөніс, 1670 гектар пияз, 240 гектар қант қызылшасы мен басқа алқаптар да ағын судан тапшылық көріп отырған жоқ.
Ал Жуалы ауданында 3338 гектар алқап сумен қамтылған. Бір ғана Көксай каналы арқылы төрт ауылдық округтің 1664 гектар алқабы 2014 жылдан бері ағын судан тапшылық көрмей келеді. Ақсай каналының суын үш-төрт ауылдық округінің тұрғындары ұтымды пайдалануда. Ол өңірдің бұлақ сулары да бірнеше жүздеген алқаптарды ылғалдандыруға, тамшылатып және жаңбырлатып суаруға өз септігін тигізуде. Бұдан бөлек, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандары да тау өзен суларын тиімді пайдалана отырып төрт мың гектарға жуық алқапты ылғалдандырған.
Байзақ ауданында – 8851, Қордайда – 25151, Шуда – 10276, Талас ауданында – 3081 гектар алқап Шу мен Талас өзендері және ондағы су қоймалары арқылы сумен қамтылса, Сарысу ауданында 3442 гектар алқап шағын су тоғандарын пайдалана отырып суарылыпты.
Диқандарды ағын сумен қамту жұмыстары бұдан әрі де «Қазсушар» РМК облыстық филиалы арқылы жалғасын табуда.