2020 жылдың 4 тамызындағы ҚР Үкіметінің Қаулысымен «10 тамыз- Абай күні» болып бекітілді. Осыған орай бүгін Тараз қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысында Шыңғыстауда туған. Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады.
Бала Абай әжесі Зеренің таусылмайтын аңыз-ертегілері мен сөзге шебер анасы Ұлжанның тәрбиесін көріп өскен. Әуелі Абай әкесі өз туыстарының балаларын окытамын деп «Ескітам» деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб, парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Осы үш жылда алған білім Абайға өмірлік азық болды.
Осылайша ауылға әкесінің шақыруымен оралған Абай 13 жасынан бастап ел басқару ісіне араласты.
Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ол қазақ өлеңіне шалыс ұйқас, ерікті ұйқасты енгізіп қана қоймай, «Қансонарда», «Сегіз аяқ», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» секілді мазмұны мәнін жоғалтпайтын өлең жазды.
Сондай-ақ Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасынан «Татьянаның хатын» және «Ленскийдің сөзін», Михаил Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы» және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.
Абайдың артында 176 өлеңі, 3 поэмасы, 45 ғақлия сөзі қалды.