Нұрлыкент ауылындағы жер баптаумен айналысатын еңбекқор азаматтың бірі – Дүйсен Бердияров. Ол Б.Момышұлы ауылының маңындағы егістік алқабының бес гектарына «Ринда», «Бухарест» сұрыпты қырыққабат, екі гектарға сәбіз және 40 соттық жерге қызылша еккен. Одан бөлек, екі гектар алқапқа картоптың «Алладин» және «Гала» сұрыптарын орналастырған, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Дүйсен Бердияров Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылындағы Аманалы Кәтімханов басшылық ететін «Қанат» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ол 2000-шы жылдардың басынан бері шаруашылықтың 7-8 гектар жеріне бау-бақша дақылдарын егіп, оны күтіп-баптаумен айналысады.
Көкөніс алқаптары шаруашылықтың мүшелерімен қатар және жалдамалы жұмысшылардың күшімен күтіп-бапталуда. Ал диқан Дүйсен мен шауашылықтың тағы бір мүшесі Серік Нұртаев негізінен алқап басына ағын суды жеткізу және бақшалықты суғару жұмыстарын және өнімді өткерумен айналысады. Олар өткен апатада алқаптан алғашқы өнім жинауды бастады. Жуалының қоңыр салқын ауа райы жағдайында әрі құнарлы топырағында пісіп-жетілген қырыққабаттың «Ринда» тұқымы алқап басынан үлкен жүк көліктеріне артылып, Қазақстанның оңтүстік өңірлерімен қатар, солтүстік өңірлерге, сонымен қатар, Ресей Федерациясының аумағына жөнелтілуде.
– «Ринда» сұрыпты қырыққабаттың бір ерекшелігі, ол басқа қырыққабат тұқымдарына қарағанда, ерте өнім береді. Бұл тұқым 70-80 күнде пісіп-жетілсе, ал «Бухарест» тұқымы 90 күнде өнім береді. Өнімнің бастамасы жаман емес. Қырыққабаттың әр данасы, оның ішінде үлкендері екі жарым, үш келі салмаққа дейін тартуда. Арасында үш келіден асатындары да бар. Мұны енді алты ай бойғы атқарған қажырлы еңбектің нәтижесі деп айтуымыз қажет. Қазір біз алғашқы өнімді ресейлік клиенттерімізге жіберіп жатырмыз. Арасында өзіміз де жүк көліктерімен Шымкент қаласындағы «Жібек жолы» және Тараздағы «Ауыл-Береке» базарларына апарып саудалап жатырмыз. Орташа есеппен қырыққабат алқабының әр гектарынан 50 тоннадан өнім жиналуда, — дейді Дүйсен Бердияров.
Айтса, айтқандай, әлбетте бұл ең бірінші кезекте адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесі. Диқандар қауымы қырыққабаттың тұқымын ғана сатып алып, тұқымды өз аулаларындағы шағын жылыжайда (парник) көшет етіп өндіреді. Көшет өсіп-жетілген шыққан соң белгілі бір уақытта алқапқа отырғызылады. Негізгі қызу еңбек одан кейін Міне, нұрлыкеттік еңбекқор, диқан алты ай бойғы тынымсыз еңбектің алғашқы жемісін көріп отыр.
Сондай-ақ дихан өнім көлемін арттырғысы келетінін, ол үшін жеңілдетілген несиелер болса деген тілегін жеткізді.
— Егістік көлемін ұлғайту арқылы өнім көлемін арттыру үшін Үкімет тарапынан жеңілдетілген несиелер берілсе. Дайын өнімнің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан да тиісті шаралар қабылдау қажет. Алғашқыда қырыққабаттың әр келісін 80-85 теңгеден өткергенбіз. Оның бағасы кейіннен едәуір төмен түсіп кететін көрінеді. Сондай-ақ ағын су проблемасы да бар. Осы аталған мәселелер шешілсе, өнім көлемін еселеуге болатын еді, — деп атап өтті.