Меркі ауданы өнеркәсіп орындарының өнім өндіруі бойынша миллиардтық межеге жетті

0 39

Өнеркәсіп орындарының өнім өндіруі бойынша Меркі ауданы бұл жолы да миллиардтық межеге жетіп отыр. Биыл қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 3 млрд. 228,5 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында Меркі ауданының әкімі Руслан Нұрсипатов айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.

Спикердің сөзінше, өндірілген өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100,2% орындалған. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінен алынған өнім де ауқымды. Жалпы көлемі 17 млрд. 531,0 млн. теңгені құрады. Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд. 400,0 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, 26 500 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бөлшек сауда айналымының көлемі 5 млрд. 491,0 млн. теңгеге жеткен.  

Аудан атқамінерінің айтуынша, агро сала көрсеткіші де ауыз толтырып айтарлық. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 17 млрд.531,0 млн. теңгені құраған. Әкім меркіліктер қыстан қысылмай шығады деді.  Өйткені жоспар бойынша мал қыстату науқанына 220 000 тонна шөп дайындау керек болса, ол 10 тоннаға артығымен орындалған. Жоспар 105% жетіп отыр.

— Табыстан түскен кіріс көлемі де көңіл қуантады. Осы жылдың 8 айында аудан бюджетіне  кірістербойынша 1 млрд. 746,1 млн. теңге түсті. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  541,2 млн.теңгеге артық. Оның ішінде жеке табыс салығы  193,0 млн.тг., әлеуметтік салық 78,8 млн.тг., мүлік салығы 45,3 млн.тг, көлік салығы 90,9 млн.тг., негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 100,0 млн.тг түсті, — деді Р.Нұрсипатов.

Ауданда кәсіпкерлер саны да көбейіп келеді. Статистика сандарына сәйкес, Меркі ауданда 4 877  шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп тұр. Ал аудан аумағында 45 елді мекеннің 39–ы табиғи газбен толық қамтылған. Сондай-ақ, Меркі ауданында жарықтандыру бойынша 45 елді мекеннің барлығы электр көздерімен жабдықталған. Аудан аумағында жалпы су құбырының ұзындығы 509,8 шқ құрайды десек, тозығы жеткен су құбырлары Меркі бекеті мен Ақтоған елді мекендерінде бар. Ондағы олқылықты реттеу үшін   жобалықсметасын әзірлеу мақсатында бюджеттік сұраныс тапсырылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.