Жамбыл облысында балалардың биіктен құлау деректері жиілеген

0 6

Жамбыл облысында балалардың биіктен құлау деректері жиілеген. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Айтбаев айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

«Балалардың терезе алдына шығып кетуіне мүмкіндік туғызатын жиһаздарды ол тұстан қашыққа қойған абзал. Үй ішінде қауіпсіздік сабақтарын өткізу артықтық етпейді. Әсіресе, үлкендеріміз кішкентай бүлдіршіндерге қамқор болуды үйрегені жөн. Балалар терезені өз беттерінше ашпас үшін онда блокиратор немесе тұтқасына құлып орнату керек», — деді спикер.

Ол Жамбыл облысында жыл басынан бері 14 бала көпқабатты тұрғын үйлерден құлағанын мәлімдеді. Олардың барлығы 2-15 жас аралығындағы жеткіншектер екен. Аталған төтенше оқиғалар кезінде 2 жасөспірім көз жұмды. Бұл статистиканы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 4 пайызға өскенін аңғаруға болады. Яғни, былтыр 9 оқиға тіркелі, 6 жастағы бір жеткіншек мерт болыпты.

Т.Айтбаевтың айтуынша, биылдыққа бұқаралық ақпарат құралдарында «Абайлаңыз ашық терезе және балалар!» тақырыбында 351 материал жарық көрген. Сонымен қатар ТЖ департаменті мен аумақтық бөлімшелер қызметкерлері, ЖПҚ қызметі, еріктілер бірлесіп 21 307 тұрғын үйде, 53 мыңнан астам адамның қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Брифингте департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев 2015 жылдан бастап бизнеске қысым келтіруді азайтуға бағытталған, барлық бақылаушы мемлекеттік органдарға бақылау мен қадағалаудың біркелкі үлгісі мен әдіс түрін қамтитын жаңа әдістеме енгізілгенін еске салды. Сондай-ақ жоғарғы қатер тобына жататын нысандар ерекше тәртіппен тексеріледі.

«Жамбыл облысында барлығы 8 661 нысан бардесек, оның 2 132-сі (25 %) жоғарғы қатер тобына жатады. Тексерілетін субъектілерге ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізудің жиілігі жылына біреуден аспауы тиіс», — деді Мақсат Әшірбайұлы.

Ол бақылау мен қадағалау саласына қатысты заңнамада ісін енді бастаған кәсіпкерді қолдау нормасы бар екенін де жеткізді. Жаңа құрылған кіші кәсіпкерплік субъектісі құрылған күніненбастап үш жыл ішінде тексерілмеуі керек. Демек, заңнамадағы реформа кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.