Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында » Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады,-деді. Жаңа үдерістерге байланысты саяси реформа жасап, референдум өткізуге шешім қабылданды. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер қазір тұрғындармен бірге талқыланып, референдумның мәні мен мағынасы түсіндірілуде. Осындай кездесудің бірі Парламенті Сенатының депутаты Нұралиев Абдалы Тоқбергенұлының қатысуымен ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының қызметкерлерімен өтті, — , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Кездесу барысында сенатор Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдум туралы айтып, түзетулер негізгі заң баптарының үштен біріне әсер ететінін айтты.
— Атап айтқанда, Президент өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде оның саяси партияларға мүше болуына, сондай-ақ мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде Президенттің жақын туыстарына басшы лауазымдарды атқаруға тыйым салынады. Сонымен қатар, өкілді органдардың өкілеттіктерін қалыптастыру және күшейту тәртібі демократияландырылатын болады. Тиісті заң жобасында Конституцияда жер және оның қойнауы, су, өсімдік әлемі және басқа да табиғи ресурстар Қазақстан халқына тиесілі екендігі туралы норманы бекіту туралы маңызды мазмұн жазылған, — деді сенатор Абдалы Нұралиев.
Сондай-ақ, «Алдағы референдум – бұл халық билігінің жарқын көрінісі, әрбір қазақстандық өзінің азаматтық ұстанымын білдіру арқылы жаңа Қазақстанды құруға қосқан нақты үлесін көрсетеді», — деген Абдалы Тоқбергенұлы сұрақтарға жауап беріп, барлық қызметкерлерді референдумға белсенді қатысуға шақырды.