Облыс әкімі Таластағы нысандарды аралап, тұрғындарды тыңдады

0 110

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Талас ауданына жұмыс сапары Бостандық ауылындағы «Зерхат» шаруа қожалығымен танысудан басталды. Аймақ басшысына мұнда ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер баяндалды.

Аудан бойынша егістіктікке жататын жердің көлемі 21643 гектарды құраса, оның 76 пайызы игерілуде. 220 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген.

2022-2025 жылдары салада жалпы көлемі 3 млрд. 54 млн. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Субсидия беру, техникаларды жаңарту, су каналдарын тазалау, балық шаруашылығын дамыту бойынша қолға алынып жатқан шаруалар да баршылық.

Облыс әкімі мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді, субсидияларды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталып, ол бойынша ауылдық округ әкімдері түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізу керектігін жеткізді.

– Әр ауыл бір бағытта жұмыс істесе, ұтарымыз көп болады. Өнім өндіру және өткеруде оның мүмкіндігі мол. Біз шаруалардың мәселесін шешуге қол ұшын беруге тиіспіз. Бірақ, оның қайтарымы болу қажет. Ауыл әкімі барлық ауланы, кәсіпкерлік пен шаруаларды аралап, жай-күйінен хабардар болуы керек,-деді Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде «Зерхат» шаруа қожалығының басшысы көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай салуға ниетті екенін, ол үшін электр энергиясын тартуға көмектесуді сұрады. Бұл мәселе назарға алынатын болды.

Бұдан соң аймақ басшысы аталған ауыл тұрғыны Серік Мәдиевтің ауласына ат басын бұрды. Ол өзінің үй іргесіндегі шағын аумақты тиімді пайдаланып, айтарлықтай табысқа кеңеліп отыр. Бұл ісі – көпке үлгі.

Облыс әкімі осында бір топ ауылдықтармен кездесті. Жергілікті тұрғындар балабақшаны кеңейту, жайылым, қоқыс мәселелерін көтерді.

Ауыл ауыз сумен қамтылған десек, көгілдір отын жететін күн де алыс емес.

– Біз ең алдымен қоғамдық жайылым мәселесін шешу керекпіз. Мал басы көп шаруалар төрт-түліктерін ауылдың сыртына апарып жайғаны дұрыс.

Ал, балабақша мәселесі жекеменшік есебінен шешілуі қажет. Мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар көрсетіледі.

Сол секілді қоқыс мәселесін шешу де ауыл тұрғындарының өзіне байланысты. Бұл ретте бір арнайы мекемемен жұмыс жасап, барша тұрғындар ортақ келісімге келіп, тиісті төлемді уақытылы аударып отыру маңызды,-деді Нұржан Нұржігітов.

 

Келесі кезекте аймақ басшысы Ақкөл ауылына барып, әлеуметтік, медициналық, білім нысандарының жай-күйімен танысты.

Ауылда орналасқан №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында қазіргі таңда 200 ем алушыға қызметтер көрсетілуде. Онда 170-тен астам адам еңбек етуде десек, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Орталық басшылығы мекеме іргесіндегі бос тұрған ғимаратты жаңғыртып, қызметкерлерге арналған жатақханаға айналдыру үшін қолдау көрсетуді сұрады.

Ақкөл ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында облыс әкіміне ауданның денсаулық сақтау саласында көрсеткіштер мен жоспарлар туралы баяндалды.

Бүгінде Үшарал ауылында ауысымына 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталса, 30 келушіге арналған дәл осындай нысанның құрылысы Есейхан ауылында басталған. Кадр тапшылығын шешу, медициналық нысандардың жылыту жүйесін газға ауыстыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да назарға алынды.

Ал, 1970 жылы негізі қаланған «Ақкөл» орта мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. ЖСҚ дайындалған. Оқу ордасының маңыңдағы бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, ой-ұсыныстарын тыңдады.

Аймақ басшысы білім ордасында бірде-бір «педагог-шебер» санатындағы ұстаздың жоқтығын сынға алды. Білімнің сапасын арттыру үшін әр мектепте кемінде бір «педагог-шебер» болуы керектігін ескертті.

Сондай-ақ, психологтардың оқушылармен жұмысының маңыздылығына тоқталды.

– Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, психолог әр оқушыны күніге мектеп есігінен күтіп, олардың көңіл-күйін бағып отыруы тиіс. Өзгешелік байқалған балалармен сол күні жекелей жұмыс жүргізуі керек.

Қазір көп ата-аналар жұмысбасты, уақыттары тығыз. Сондықтан психологтар ата-аналармен жақын байланыс орнатып, олардың өз балаларымен кешкілік бір уақыт «Сағыныш сабағын» өткізуге, яғни жылы шырайда көңіл бөлуге, әңгімелесіп отыруға шақыру қажет. Бұл жұмыстар аудан, облыс деңгейінде қолға алынса өз нәтижесін береді деп ойлаймын,-деді Нұржан Нұржігітов.

«Talas Investment Company» ЖШС жұмысымен және индустриалды аймақпен, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысымен, «Қаратау-ПРО» ЖШС мен «Игілік» МКҚК жылу қазандығының қызметімен танысқан облыс әкімі олардың өзекті мәселелерінен де хабардар болды.

Бұдан бөлек жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Қаратау қаласындағы Д.Нұрпеисова көшесінде жаңадан соғылған спорт алаңшасына барып, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің және №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді.

Сонымен қатар, Талас аудандық орталық ауруханасында, «Астана» бөбекжай бақшасына ат басын бұрып, Қаратау қаласындағы бос тұрған №5, №6 жатаханаларды және «Казфосфат» ЖШС-ның демеушілігімен қайта жаңғыртудан өткен Қаратау қаласы 3 мөлтек ауданындағы №15 көпқабатты үйді көрді.

Спорт, білім, инфрақұрылым салалаларындағы көрсеткіштерге, газдандыру, ауыз су тарту жұмыстарына қанықты.

Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары актив жиынында түйінделді. Басқосу барысында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек есеп берді.

Аймақ басшысы жайылым мәселесін шешу, субсидия алу, тұрғындардың табысын арттыру, инвестиция тарту бойынша салалық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, бірқатар кемшіліктерді ашып көрсетті.

– Ең бастысы – тұрғындардың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін өздеріңіз жете түсініп, ауыл тұрғындарына жеткізу керексіздер. Оларға сол жеңілдіктерді пайдалануға ықпал етіп, көмектесіңіздер. Ауылдағы барлық аула мен кәсіпкерлікті, шаруашылықтарды аралап, талдау қажет. Округ әкімдіктері жергілікті тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын болғандықтан, көп дүние соларға байланысты.

Біз жұмысқа деген көзқарасымызды өзгертпесек, нәтижеге жете алмаймыз. Жалпылама жауап беруге үйреніп қалғанбыз, нақты жауап, нәтиже жоқ. Әрқайсымыз өзіміздің функционалдық міндеттірімізді толығымен орындасақ, көп мәселе шешілер еді.

Бюджеттің қаражатын игеріп, жұмыс істедік деп есеп беруге болмайды. Инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құру жолдарын қарастыру керек. Әр отбасында кемінде бір адамының тұрақты табысының болуы маңызды,-деп қорытындылады өз сөзін Нұржан Нұржігітов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.