Жуалы ауданының тұрғындары 2,5 пайызбен несие ала алады

0 290

Бүгінгі күні өңірде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» атты Пилоттық жобасы нәтижелі іске асып жатқаны белгілі. 2019 жылы облыс әкімі болған Асқар Мырзахметовтың бастамасымен жоба аясында несие алған 11ауылдық округ тұрғындары алған несиелерін кесте бойынша қайтарып, тұрмыс-тіршілігін арттыруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсаты–ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, елдімекендердің экономикалық әлеуетін арттыру және мамандануына сеп болу, жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Аталған жобаға Жуалы ауданының Жетітөбе және Қызыларық ауылдық округтері 2023 жылға енді.

Осы мақсатта Жетітөбе және Қызыларық ауылдық округтеріне «Ауыл Аманаты» партиялық жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында топ құрылды. Аталған жобаны ел тұрғындарына кеңінен түсіндіру мақсатында партияның мобильдік топтары өңір-өңірлердегі ауылдарды аралап, оның ішінде ауданымызда Жетітөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Басқосуларда ауыл тұрғындарына жобаның мақсаты мен несие алу жолдары кеңінен түсіндірді. Топтың құрамында Гүлмира Серікмұратқызы, Нұрлан Дулатов, Айман Ақынбекова, Ұланбек Нұрманов, Жандос Бекенұлы және «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Ынтықбайұлы бар. Сондай-ақ, кездесуге аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Құниязов, Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Рәтбек Көсембаев және Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ермұхамед Сүгірбеков қатысты.

Кездесу барысында арнайы топ бұл несиенің қайтарымы 2.5 пайызды құрайтынын және жұмыссыз отырған халықтың өз кәсібін бастауына жақсы мүмкіндік екенін атап өтті. Топ мүшесі Гүлмира Серікмұратқызы өз сөзінде, егер бір миллион теңге көлемінде несие алынса, үстіне қайтарылатын сома 25 000 теңгені құрайтынын жеткізді.

«Мемлекеттің мақсаты – халыққа несие тарату емес, халықтың өз кәсібін бастауына жәрдемдесу. Екінші деңгейдегі банктер кәсіп бастау үшін мұндай пайызбен несие бермейді. Мұндағы басты талап – берілген қаржы мақсатты жұмсалулы қажет,- дейді ол.

Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Рахымғазы Нұрғазыұлы сөз алды.

— Бұл пилоттық жобаға 2021 жылы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары бес бағыт бойынша жалпы құны 723 463 миллион теңгені құрайтын несие алып, тұрмыстық табысын арттырды. Бірінші «үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бағытымен 2021 жылы жері бар 444 аула 68 гектар егін екті.

Жиналған өнім 1 237 тоннаны құрайды. Екінші «мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алу бағыты» бойынша 191 ауыл тұрғыны 2 347 мал басын сатып алу үшін, несие алды. Үшінші «тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану» бағыты бойынша бүгінгі күнге 350 гектар жайылым жер мен 125 гектар егістік жерлері берілді. Төртінші «кооперативтерді жабдықтау және құру бағыты бойынша» 19 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Ең соңғы бесінші бағыт «ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу үшін кондитерлік цех ашуға арнайы қаржы берілді, — дейген Рақымғазы Нұрғазыұлы кондитерлік цех бүгінгі күні төрт адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, пилоттық жобаға 2021 жылы Ақсай ауылдық округі де қатысып, аталған бес бағыт бойынша тұрғындар несие алып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Мысалға, бірінші бағыт «үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін» жобаға қатысатын аула саны 492, ал жер көлемі 60 гектар болса, «тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бойынша кооперативке қосылатын егістік жер 520 гектар, шабындық жер 150 гектарды құрайды. Ал екінші мал бағыты бойынша 77 азамат қатысып, 387 млн 660 мың теңге бөлінді. Ал «ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу» бағытында 6 жоба мақұлданып, 69 млн теңге мемлекет тарапынан несие берілген. Қазір бұл мамандар өз ісін дөңгелетіп отыр.

Өз кезегінде мобильді топ мүшелері жеңілдетілген несие алуда тұрғындарға қойылатын талаптарды айтып, қазірден үйлерінің құжаттарын реттеу керектігі туралы ескертпелерін жеткізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының сұрақтарына да жауап беріп, ашық сұхбатқа ауысты. Жалпы бұл несие келер жылдан бастап аталған ауылдық округке несие беріле бастайды.

-Ашығын айту керек, бұл несие шаруашылықтар айлық табысы 60 000 теңгеден жоғары соманы құрайтын жеке кәсіпкерлерге берілмейді. Әрі құжаттарды түгелдеу үшін қалаға барудың қажеті жоқ, ауданға «Тараз» ӘКК тарапынан арнайы бір адам белгіленіп, барлық құжат аудан төңірегінде тураланады. Сондықтан ауыл тұрғындарына айтарымыз – қазірден тиісті органдарға барып, керекті құжаттарыңызды дұрыстаңыздар!

Әсіресе үйдің техқұжатымен мемлекеттік актіні тексеріп алыңыздар, себебі құжаттағы бір сан не үтірі сәйкес келмей қалса, құжатты қайта реттемейінше несие берілмейді, — деп топ мүшесі Жандос Әзімбаев сөзін түйіндеп, жиынды қорытындылады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.