Мойынқұм ауданында «Әулиеата аруы-2022» аудандық байқауы өтті

0 13

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Әулиеата аруы-2022» аудандық байқауы өтті.

Жастар арасында қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, қыз баланы инабаттылығын, парасаттылығын осы байқау арқылы көрсету. Ұлтымыздың әдет-ғұрпын ұлықтауға арналған іс-шараға ауданымыздағы Бірлік, Биназар, Ұланбел, Хантау, Шығанақ, Мирный ауылдық округтерінің 6 аруы қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті.

Байқауды ашқан аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Төребек Айым Жамбылқызы қазақ қоғамындағы қыз баланың орнына тоқталып, байқауға қатысушы аруларға сәттілік тіледі.
«Сымбат пен сыры жарасқан» кезеңінде үміткерлер білім, өнер жолындағы жетістіктерінен 2 минуттық слайд дайындап көрсетсе, көрсетілім соңында өзінің ұлттық бейнесін, сахналық сән-сымбатын, қазақ қызына тән әдебімен өзін-өзі таныстырды.

«Анадан тәлім алған қыз» бөлімінде қолөнері бойынша дайындап әкелген жұмыстарының дайындалу барысын 5 минуттық видеодан көрсетіп, қазылар алқасына ұсынып отырды.
«Сахналық ұлттық өнер» бөлімінде арулар халқымызға тән өнер түрлерін паш етті. Онда қазақ қызының тек жарқын бейнесі ғана назарға алыну керектігі ескертіліп, мұңлы монологтарға тыйым салынды. Сондай-ақ тіл нормасының сақталуына, сахна мәдениетіне де баса назар аударылды.
Әр кезеңде қыздарымыз тапқырлық танытып, сыннан сүрінбей өтіп жатты.

Бірінің жауабы бірінен асып түсіп, жоғары балға қол жеткізген аруларды бағалауда оңайға түскен жоқ. Дегенмен барлық қарсыласына қарағанда әрбір сұраққа ұтымды, дәл жауап бере біліп, өз өнері, білімімен дараланған О. Жандосов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Қияш Назерке Аманбайқызы I орынды жеңіп алды. II орынды Бірліктік ару Айдар Айнұр, ІІІ орынды Шығанақ ауылынан келген Сағынтай Жанар Талапжанқызы алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.