Жуалыда интеллектуалдық-танымдық сағат өтті

0 29

Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ағымдағы жылы ақын-жазушыларының шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафонын» ұйымдастыруда.
Бұл жолғы әдеби марафон Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылдық кітапханасында жалғасты.
Кезекті шара қазақ халқының бақытты болашағы үшін өз өмірін қиған ақын, түркітанушы ғалым, аудармашы, педагог, публицист және өз Отанының нағыз патриоты, зерттеуші ғалым, публицист Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналып, «Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының ұлы көсемі» атты интеллектуалдық-танымдық сағаты өтті.
Шараның мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетіндегі орнын, оның ағартушылық және мұғалімдік қызметі туралы баяндау, мақалаларына талдау жасау, ақын шығармашылығына құрметпен қарауға үйрету. Сондай-ақ, өмірде өз орны бар азамат етіп тәрбиелеу, бойына асыл қасиеттерді сіңіре білу, адамгершілікке, имандылыққа, мейірімділікке баулу.
Іс-шара барысында кітапхананың тұрақты оқырманы Нұрсұлу Пакеева Ахмет Байтұрсынұлына «Ұлы ұстаз» атты эссе таныстырды. Ал, кітапхана оқырмандары Ақерке Абдуғаппар «Ахаңның ақтық сөзі» өлеңін, Аруна Мақұлбек «Шырылдауық шегіртке» өлеңін, Иманәлі Махамаджан «Көк есектер» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Сонымен қатар, Задыхан Аружан «Ризамын» әнін орындап, «Балбырауын» күйі орындалып, «Қамажай» биі тамашаланды.
Кітапханашы Айман Алтайбекова Ахмет Байтұрсынұлы әдебиеттеріне шолу жасап, «Ахмет Байтұрсынов – тіл білімінің атасы» библиографиялық құралды, «Ұлт ұстазының ұлан ғайыр еңбегі» әдістемелік құралды, «Ана тілі» тақырыбында кітап инстоляциясын таныстырды.
Айта кету керек, шараға Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында орналасқан «Ақсуат» шекара бөлімшесінің сарбаздары қатысты.
Жуалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Естаева Ғазиза Тоқсабайқызы кешті қорытындылап, шараға атсалысқан оқырмандарды Алғысхатпен марапаттады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.