Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен Жуалы ауданы активінде 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы талқыланды.
Жиында баяндама жасаған Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза өткен жыл нәтижелерін саралап, алдағы жоспарлар туралы айтты. Жалпы ауданда былтыр экономиканың барлық саласында экономикалық өсу қарқыны сақталған.
Аудан әкімінің айтуынша, ауданның жалпы өңірлік өнімі 2022 жылы 83 миллиард 938,2 миллион теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық орындалыпты. Өнеркәсіп саласында 14 миллиард 695,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құраған.
Ауыл шаруашылығы саласында да есепті кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылған. Инвестиция тарту, құрылыс саласына қарқын беру бағытындағы жоспарлар мен жобалар толық жүзеге асқан.
2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 9 жоба қолға алынған. Нәтижесінде 3 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 2 ауылда дәрігерлік амбулатория салынып, бірнеше ауылдың жолы жөндеуден өтіп, Б.Момышұлы ауылында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы бастау алған.
2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында 2022 жылы 4 миллиард 756 миллион теңгеге 29 жоба іске асырылыпты.
Биыл даму жоспары аясында ауданда ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында 66 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобаларды іске асыру барысында 268 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, 44 бюджеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 101 жұмыс орны ашылады. Ал «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 1 189 адамды жұмыспен қамту көзделуде.
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алуымыз керек. Даму көрсеткіштерінің орындалуына баса мән беріңіздер. Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарға көңіл бөлініп, жаңа ұсыныстар енгізілуі қажет. Одан кейін кәсіпкерлермен, шаруа қожалық төрағаларымен жеке жұмыс істеуді жолға қойған дұрыс. Өйткені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жететін азаматтар аз емес, – деді Қанатбек Мәдібек.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары аудан активінің алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктеді.
Бұдан кейін аудан кәсіпкерлерімен, шаруалармен кездесіп, мемлекеттік қолдау шаралары жайлы айтып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.