«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильдік қабылдау тобы Жуалы ауданындағы Шақпақ ауылдық округінде тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.
Округке қарасты Шақпақата, Амансай, Т.Дүйсебайұлы, Шақпақ стансасы, Ынтымақ ауылдарында 4 мыңға жуық халық тұрады.
Қабылдауда тұрғындар негізінен ауыл ішілік көшелердің тозғанын жеткізіп, жөндеу туралы мәселе көтерді. Округке қарасты ауылдардағы көшелерді бірден жөндеп тастау мүмкін емес. Дегенмен биыл Т.Дүйсебайұлы ауылындағы Б.Момышұлы, Шақпақата ауылындағы Оразбаев көшелеріне биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айта кеткен жөн. Қаржысы нақтыланып қойғандықтан жақын күндері ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады.
Шақпақата ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жыл соңына дейін аудандық әкімдік тиісті құжаттарды реттестіретін болады. Осылайша, аталған ауылдағы мәдениет үйіне 2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сол ауылдағы 600 орындық Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары қажет екен. Білім ордасының жағдайы да жауапты мамандардың назарына алынды.
Айта кетерлігі, Т.Дүйсебайұлы ауылы маңындағы Батыс Еуропа — Батыс Қытай көлік жолы бойынан мал өткелі қарастырылмаған. Сондықтан ауыл халқы түлігін күре жолдың бойынан өткізе алмай әуре. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімдігі «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-на тиісті ұсыныстарын жолдайтын болады.
Бұдан өзге де шешілуі тиіс мәселелер зерделеніп, тиісті орындар арқылы заң аясында шешім қабылданады. Ең бастысы — ауыл халқы тарапынан көтерілген мәселелердің ешқайсысыда партия назарынан тыс қалмайды.