Келелі істің қайтарымы болса дейсің

0 33

Қазақ  кеуделі мәселесін көп болып  ақылдасып шешкен. Сонда ғана  кеудемсақтардың  тірлігі  кері кетіп, көптің тірлігі алға басқан. Халықтың  қамын ойлап, туғанына бұрмаған адал билер мен халықтың шерін тарқатып сөз айтып қана қоймай, қолға алған мәселесінің орындалуын ханнан  да талап ете білген шешендер осындай іргелі жиындарда көпшіліктің құрметіне бөленіп отырған.

Әрине, бодандық қамытын киген Қазақ жұрты Ресей билігі тұсында мұндай ізгі үрдістен жаңылды. Ал, Кеңестер билігі тек маркстік-лениндік идеологияны мойындағандарды ғана қатарға қосты. Осылай, басым көпшілігінде «көштен қалмауға» тырысқан момын халық атеистік-социалистік бағыттың соқыр қолдаушылары  болып шыға келді.

Тәуелсіздік таңы атып, Егемендігіміздің едәуір  жылдарын артқа тастасақ та, белгілі себептерге байланысты әлі де тұралаудамыз.

Не істемек керек? Осы орайда  Президентіміз  Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру жолындағы қарқынды қадамдары көңілімізге қуаныш ұялатқандығы баршамызға аян. Құрылтайдың сондай игі істердің бірі екендігі де даусыз.

Осылай, 15-ші наурыз күні Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.  Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», — деген болатын. Осы орайда, мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайтындығын білдірді. Президенттің пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы осы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғаны да белгілі.

Сонымен қатар, Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге, бұл Әділетті Қазақстан идеясымен де үндесіп жатыр.

Осындайда, ізгі тірліктің тиянағы болса дейсің. Айтар болсақ, Құрылтайға республикамыздың 20 өңірінен 5-6 делегаттан  қатысты.  Енді, осы делегаттардың әрқайсысы өз аймақтарына қатысты экономикалық, әлеуметтік-идеологиялық, жемқорлық және мезобилік пен халық арасындағы қарым-қатынас тұрғысында нақты ұсыныстар дайындап, оған тиісті құрылымдар ресми жауап беруге міндеттелетін болса, мұның өзі Құрылтайға қатысушыларға деген халықтың қызығушылығын арттыра түсер еді.

Сонда ғана, делегаттардың өз өңірлеріндегі түйткіл тірліктерді шешуге қатысты іс-қимылдарының берекелі болары анық.

С.У.Бақторазов, М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің профессоры

«Дулатитану және Өңір тарихы»

Ғылыми-зерттеу орталығының   басшысы

 Жамбыл облысы ҚХА-ның

 ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.