Қызғалдақ мұра: Таразда ТМД-ның үздік флористінен шеберлік сыныбы өтті

0 7

«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі флористика шеберлерін біріктіріп, шығармашылық диалог пен мәдени мұраны алмасу алаңына айналды.

Халықаралық фестиваль аясында Таразда Қырғызстан Республикасынан келген флорист Петр Анохиннің шеберлік сыныбы өтті. Іс-шараға Тараз қаласының тұрғындары ғана емес, шетелдік туристер де қатысты.

Шеберлік сыныбының ашылуында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев сөз сөйледі.

Петр Анохин ТМД-ның ең үздік флористі ретінде танылған. 2019 жылы Кенияда өткен әлем чемпионатында ол планетаның үздік 20 флористінің қатарына кірді.

Қызғалдақты әлемдік флористиканың бір бөлігі екенін айта келе, ол жамбылдық сұрыптардың еуропалық селекциядағы рөлін ерекше атап өтті.

– Жамбыл облысынан шыққан қызғалдақ әлемдік флористика мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Бір кездері Нидерландияның әйгілі қызғалдақтары вируспен ауыра бастаған кезде, Жамбыл қызғалдақтары голландиялық селекционерлердің назарын аударды. Олар осы қызғалдақтарды өз сұрыптарын жақсарту үшін қолдана бастады, – деді ол.

Білікті флористің айтуынша, Жамбыл облысының қызғалдақтары өңірдің табиғи байлығы мен бірегейлігін бейнелейтін нағыз брендке айналды. Қызғалдақтардың халықаралық деңгейде мойындалуы бұл мәртебені одан әрі күшейте түсуде.

«Flora & Decor Fusion» флористер қауымдастығының негізін қалаушы Яна Прокудина мұндай фестивальдар қызғалдақтардың, соның ішінде жабайы сұрыптардың құндылығын арттыруға көмектесетінін атап өтті.

– Адамдар қызғалдақты жұлуға болмайтынын біледі, бірақ оның себебін көпшілігі түсіне бермейді. Сирек кездесетін қызғалдақтардың тұқымы тек табиғи жолмен таралғанда ғана өне бастайды. Егер оларды жұлып алса, көбейту процесі бұзылады, ал бұл ақырында олардың жойылып кетуіне әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Шараны Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Райский сад» бау-бақша орталығы мен «Romantic» гүл дүкені ұйымдастырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.