Астанада «Бірлік» марафонында 3 мыңнан астам адам жүгірді

0 3

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, еліміздің барлық өңірінде «Бірлік жүгірісі – 2025» республикалық марафоны өтті. Спорт мерекесіне ел бойынша 17 мың адам қатысса, оның 3 мыңы елордада бас қосты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Аталған шара Қазақстандағы барлық этностарды дені сау және біртұтас ұлт болуға ынталандыруды көздейді. Әсіресе ересектермен бірге балалардың, қарттардың, мүгедектігі бар жандардың да жүгіруіне барынша жағдай жасалды.

Қатысушылар таңғы 5:30-дан бастап жинала бастады, ал алғашқы жүгірістер 7:00-де басталды. Жүгіру бағыты ЭКСПО аумағынан басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін жалғасты, одан кері қайтып, Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы өтті.

Жүгіріс бірнеше қашықтықта – 1 км, 5 км, 10 және 21,1 шақырымда ұйымдастырылды, сондықтан әрбір қатысушы өзіне ыңғайлы форматты таңдай алды. Әсіресе, 30 шақырымдық командалық эстафетаға (6×5 км) ерекше көңіл бөлінді. Эстафета ережесіне сәйкес, әр командада кемінде бір әйел адам болуы керек.

Жүгіруге түрлі жас пен ұлт өкілдері, кәсіби спортшылардан бастап салауатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларға дейін барлығы қатысты. Павлодар қаласынан келген Марина Шнайдер 50–59 жас аралығындағы топта жеңімпаз атанды.

— Менің жасым 52-де, жүгірумен жылдар бойы айналысамын. Мамандығымның спортқа қатысы жоқ, «Қазақстан алюминийі» зауытында лаборант-химик болып жұмыс істеймін. Павлодарда «Running Pavlodar» қауымдастығын құрғанбыз, бүгін 10 шақты адам болып Астанаға келдік. Соңғы жылдары елімізде жүгіру мәдениеті дамып жатқанын ерекше байқауға болады және бұл қуантады. Мысалы 5 жыл бұрын мұндай белсенділік болған жоқ. Мәдениетпен бірге, инфрақұрылым да жақсы дамып келеді, бізде Павлодарда шаңғы базасы мен еліміздегі ең ұзын жағалау бар. Адамдар жүгірушілерге жол беру керек екенін түсіне бастады. Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бүгін осынша көп адамның, оның ішінде балалардың да жиналғаны – өте қуанышты жағдай. Бұл нағыз жүгіру мерекесі! Мен Қазақстан сияқты көпұлтты әрі тату елде тұратыныма мақтанамын. Баршаңызға зор денсаулық, амандық-саулық және жақсылықтар тілеймін, — дейді павлодарлық қатысушы.

Айта кетейік, «Бірлік жүгірісі» бірнеше жыл бойы ұйымдастырылып келеді және этносаралық бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттайтын, қоғамда өзара қолдау мен бірлік рухын қалыптастыратын жақсы дәстүрге айналды. Өткен жылы марафонға 15 өңірден 15 мың адам қатысса, биыл олардың саны 17 мыңға дейін артты.

Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен, Астана қаласының триатлон федерациясы, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

1 мамыр мерекесінің құрметіне бүгін елордада зияткерлік викториналар мен көрмелерден бастап түрлі концерттер мен жарыстарға дейін ондаған мәдени-спорттық іс-шара өтіп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.