Алдиярбек ТҮСІПОВ, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Тараз қаласының әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулеттің 2017 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары жөніндегі баяндамасымен таныстық.
Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары бүгінде жаңару үстінде. Жыл сайын түрленіп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де өздерінің сүбелі үлестерін қосуда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру мақсатында соғыс және еңбек ардагерлері «дөңгелек үстел», тақырыпты кештер, дискусияларға қатысып, өз ой пікірлерін ортаға салуда.
Соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасау, мерей тойларымен құттықтау, тиісінше көмек көрсетуді қала басшылығы ешуақытта назардан тыс қалдырған емес.
Алдағы уақытта да осы мәселеге айрықша көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар. Ардагерлер ұйымы, оның белсенділері қаламыздың өсіп-өркендеуіне барлық жігер-күшін, өмірлік тәжірибесін аямай жұмсайды.