Жұмысынан айырылғандарға берілетін өтемақы мөлшері өсуі мүмкін

0 6

Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жұмысынан айырылған жағдайда төленетін өтемақы мөлшері артуы мүмкін. Сақтандыру қоры өтемақы мөлшерін өзгерту туралы заңнамаға өз ұсыныстарын енгізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған адамның жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға құқылы екенін түсінеміз. Халықаралық еңбек ұйымының кеңесі бойынша, өтемақы көлемі табыстың 40 пайызын құрауы тиіс. Президент Жолдауы аясында бұл процесті зерттеп жатырмыз және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Заңға, атап айтқанда жұмысынан айырылған жандарға берілетін өтемақының мөлшерін өзгерту бойынша өз ұсыныстарымызды айтып көреміз», – деді «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Сәуле Дүйсенова.

Еске сала кетсек, 2017 жылы Жұмыстан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 36 мың адамға әлеуметтік төлем берілді, оның орташа көлемі 21 мың теңгені құраған еді.

Жүктілік пен босану, жаңа туған баланы асырап алу бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлемінің орташа көлемі шамамен 370 мың теңгені құрады, мұндай төлем 180 мыңнан астам адамға берілді.

Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 26 мың теңгеден асты, мұндай төлем 435 мыңнан астам азаматқа берілді.

Тағы 79 мың тұрғын еңбекке жарамдылықты жоғалту бойынша 12 мың теңгеден әлеуметтік төлемақы алған.

Дереккөз: 365.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.