Қазақстанда үздік мемлекеттік қызметші анықталады

0 10

15 ақпанда «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы басталды, деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі. 

Конкурс екі кезеңнен тұрады. I кезең — өңірлік (облыстық) деңгей. Екінші кезеңге қатысушыларды іріктеуді өңірлік конкурстық комиссия жүргізеді. Өңірлік конкурстық комиссия агенттіктің аумақтық департаменттерінің жанынан құрылады және қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ, мемлекеттік органдардың басшыларынан және басқа да тұлғалардың өкілдерінен тұрады. Бірінші кезең 10 сәуірінде аяқталады.

Аталған кезеңде, үміткерлер құжат тапсырады және олардың әдістемелік ұсынымға сәйкестігі тексеріледі, содан кейін кандидаттар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар бойынша тест тапсырады. Соңында ахуалдық мәселені шешу қабілеті бағаланады.

II кезең — республикалық деңгей. Агенттіктің жанындағы Парламент депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлік  палатасы өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ және лауазымды тұлғалар қатысатын комиссия іріктеу жүргізеді. Аталған кезеңде үміткерлер жеке жобалық жұмыс ұсынады. Жобалық жұмыста мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жаңалықтар ұсынылуы тиіс. Бұл ретте, аталған ұсыныстардың экономикалық немесе әлеуметтік әсері көрсетілуі қажет.

Шешім арнайы әзірленген бағалау өлшемін қолдану арқылы дауыс беру жолымен қабылданады. Екінші кезеңнің қорытындысы 2018 жылдың 10 маусымында шығарылады. Байқауға қатысты толық ақпарат агенттіктің сайтында орналастырылған арнайы әдістемелік ұсынымда көрсетілген.

Дереккөз:  inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.