«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Исабекұлы Мырзахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Еліміздегі барлық кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында өткізген қабылдауда келгендердің мәселелеріне құлақ асып, көмек қолын созды, деп партияның баспасөз қызметі хабарлайды.
Мәселен, Алматы қаласынан бейнеконференциялық байланыс арқылы шыққан «Ваш домофон» ЖШС-ның өкілі Ербол Руселбаев «Қазақтелеком» АҚ ҚР Монополияға қарсы заңын бұзып отырғандығына шағым түсірді.
Айтуынша, олардың компаниясы бейнебақылау жүргізу қызметін ұсынады. Яғни, подъездердің қауіпсіздігі үшін көпқабатты үйлерге камера орнатумен айналысады.
«Енді келіп, біздің насындарда «Қазақтелеком» АҚ тұрғындардың келісімінсіз өз камераларын орната бастады. Тіпті, біз орнатқан камераларды алып тастауға дейін барды, бұл туралы бізге тұрғындар хабарлады. Аталған орынға барғанымызда «Қазақтелеком» АҚ жұмыскерлері кері қайтқандарымен, кейін де бұл жұмысын жалғастыра берді. Ал Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, қандай да бір қызметін ұсынатын компания мұндай мәселелерді тұрғындардың жиналысында шешуі тиіс» дейді Ербол Руселбаев.
Зерттей келсе, Бас прокуратура мен ІІМ-ның ұйымдастыруымен өткен жиында «Қазақтелеком» АҚ «Ұрлыққа жол жоқ» деген жобасын ұсынғанын білген. Қазір сол жобаға сәйкес, камералар орнатуды бастап кеткен екен.
Осыған орай, «Ваш домофон» ЖШС наразылық танытып, тиісті инстанцияларға ұжымдық хат жазған. Себебі бұл әрекетті нарықты жаулаумен теңестіреді. Бұл мәселе қатысты Абылай Мырзахметов шағын кәсіпкердің құқығын қорғау мақсатында ертеңгі күні-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ның, сондай-ақ, Қазақтелекомның республикалық деңгейдегі монополист екендігіне байланысты Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті басшыларына шығатынын жеткізді.
«Екіншіден, бұл мәселені заңдық тұрғыдан қарастыратын боламыз. Себебі Қазақтелеком монополист бола тұра, шағын және орта бизнес нарығына қыстырылмауы тиіс. Білгілі бір шектеулер болуы керек. Телекоммуникация желісінің операторына, яғни магистральді желімен қамтамасыз ету міндеті жүктелген Қазақтелекомға қызметін кеңейтудің не қажеті бар? Сондықтан мұндай монополистердің ШОБ айналысатын іске қол сұғуына заңды түрде шектеу қоюды қарастырамыз» деді Абылай Исабекұлы.