Сәбит Әбдіхалықов: КВН-нан шыққан әртіс болмайды

0 29

Театр – рухани байлықтың айнасы. Нағыз қазақы өмірдің иісі аңқитын өнер ордасы. Өмірдің сан түрлі соқпағын бұқпасыз, боямасыз бейнелеуші. Сондай-ақ мұндай теңдессіз теңеудің мұрты бұзылмай сақталуы орасан еңбектің арқасы. Бұған ең әуелі театр басшысының да ықпалы бар дер едік. Өйткені өз өнер ұжымын жетелеген басшы қашан да мінін түзеп, биікке қол созары анық. Осы орайда, еліміздегі ең беделді киелі ошақтың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықовпен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол кісімен қазақ өнерінің бүгінгі күйі, театрдың тыныс-тіршілігі, қазақ сатирасы жайында біраз әңгіме тарқаттық.

Жас қазақ: Алғашқы әңгімемізді бүгінгі қызметіңізден бастасақ. Өзіңіз басқарып отырған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының қазіргі тыныс-тіршілігі, шығармашылық жаңалығы қандай?

Сәбит Әбдіхалықов: Бұл Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрында соңғы екі жылда бұрын-соңды қойылмаған жаңа қойылымдар қойдық. Жас авторлардың да жазбасын ескердік. Мен басшылыққа келгелі театрда ішкі фестиваль өткізіп келеміз. 2016 жылы «Алтын сақа» қойылымын ұсынып, тек балаларға арналған қойылым арасында байқау өткіздік. Екінші жылы сырттан әділқазы мүшелерін шақырдық. Олар өнердің жілігін шағып, майын ішкен Есмұхан Обаев, Сатыбалды Нарымбетов, т.б. Мұнда қазылар алқасы өз ойын айтып қана қоймай, мін түзелу үшін сын айтылады. Актерлік шеберлікке баға беріп, өнеріне қарай номинация ұсынамыз. Былтырғы жылдың өзінде 7 жаңа қойылымды халыққа ұсыныппыз. Өзге театрлардан біздің ерекшелігіміз – екі есе жұмыс істейтіндігімізде. Өйткені күндіз сағат 11-де балаларға, ал кешке үлкенді- кішілі жалпы көрерменге өнер көрсетеміз. Сол себепті бізде салмақты сапасымен қоса саны да қатар жүреді. Сондай-ақ жас автордың да жаңа қырын ашып, көрсету, таныту – негізгі жұмыстың бірі. Өйткені жастардың жігері, ой-санасы, жаңа заманға, яғни бүгінгі көзқарасқа байланысты жеткізу жағынан да жеңіл келеді. Қазір мұндай жас режиссер бізде өте көп. Соның бірін атап айтар болсам, ол – Жұлдызбек Жұманбай. «Махаббат хаттары», «Томпақпен келген жаңа жыл», «Ромео-Джульетта» сияқты қойылым қойды. Бұған қоса, Жәнібек Әлкен деген автордың «Сиқырлы терезе» атты балаларға арналған туындысы өте сәтті шықты. Мүмкіндігінше, қазақ авторының еңбегін ескеріп, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Актерлер ішінде өздері қойылым қойып, жеке шығармашылықпен айналысамыз дейтіндерге де мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде театрымыздағы жетістігіміз жетерлік. 2015 жылы Коньяға барып, Халықаралық түркітілдес халықтардың фестивалінде жүлделі орын алып қайттық. Жыл сайын 3-4 байқауға қатысып, оза шауып жатырмыз.

Жас қазақ: Ғабит Мүсірепов «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр» десе, ал Мұхтар Әуезов «Театр – қоғамның айнасы» деп театр өнеріне жоғары баға берген болатын. Осы атауға бүгінгі қазақ театрлары қаншалықты лайық? Қоғамның айнасына айналып, ақ пен қара тұсын қаншалықты айшықтап беріп жатыр?

Сәбит Әбдіхалықов: Иә, расында театр – өмірдің, яғни барлық құбылыстың айнасы іспеттес. Өйткені осы арқылы күнделікті өмір, қоршаған ортада өзекті мәселені астарлап, айшықтап көрсетеді. Театр рухани өнердің – қарашаңырағы. Бізде жақында ғана көрерменге жол тартқан «Аққулар ұйықтағанда» қойылымы қоғамдағы бұқпасыз ақиқатты сипаттайды. Бүгінде жастар да, үлкендер де рухани байлық, кітап оқу сияқты дүниелерден алыстап барады. Осы бір түйткілді мәселеге тереңнен үңіліп, жіті жеткізуге тырысамыз. «Шыңырау», «Бір түп алма ағашы» қойылымы да бүгінгі күннің бет-бейнесін анық көрсетеді. Дегенмен сол оқиғаға ену арқылы, шығар жол қарастырып, дұрыс-бұрысын ажыратып беруге әрекет етеміз. Театр арқылы бүтін бір ұлтты тәрбиелегіміз келеді. Осы орайда жүзеге асырған үлкен жұмыстың бірі – дала театры. Ашық аспан астындағы театр. Далада, яғни қаланы аралап өткіземіз. Астанадағы ЭКСПО көрмесіне де барып қайттық. Бұл үрдісті бірінші болып біз бастадық. Осы наурыз айында Атырау қаласына бару жоспарымыз да бар. Нағыз таза өнер қашан да театр деп айта аламын. Өйткені эстрадада кез келген адам әнші бола береді. Білімі, таланты бар, не жоқ болса да, фонограмманың арқасында сахнаға шығады. Киноны да кез келген адам түсіре беретін болды бүгінде. Ал театр сахнасында кім көрінген ойнай алмайды. Кәсіби білімі, тәжірибесі бар, нағыз өнер иесі таңдалып алынады.

Жас қазақ: Сіз «Мафия мен Тақия», «Бауыржан шоу», «Тамаша» әзіл-сықақ театрларында өнер көрсеттіңіз. Жалпы бүгінгі сатираның деңгейін қалай бағалайсыз? Олардың көтеріп жүрген тақырыптары КВН-мен «рухтас» болып бара жатқан сияқты ма, қалай?
Сәбит Әбдіхалықов: Қазір сатирада жүрген біраз азаматтарды актер деуге келмейді. Оларға КВН ойыншылары, жақсы әзілкеш ретінде ғана қараймын. КВН деңгейінде ғана жақсы өнер көрсетеді. Бірақ әзіл-сықақ театры деп, кәсіби сатира саңлақтарымен салыстырып қарауға болмайды. Бүгінде нағыз шынайы образ сомдап, керемет өнер көрсетіп жүрген «Өнер қырандарын» ерекше атап өтуге болады. Шындықты астарлап, нағыз әзіл-сықақпен жеткізіп отырған өнер иелері. Ал басқасына қарап қарнымыз ашатын жағдай көп. Өткінші кезеңде жүргендейміз. «Комедия клуб» деген Ресейде де бар. Олар сатира театрларын басып озып, шынымен де рухтас болып жатады. Заман талабы, бәлкім. Осы бір өтпелі кезеңнен өту керек шығар бізге де. Бүгінде сатира, эстрада, кино, қай сала болсын, ішіндегі ең жеңіл-желпі дүниесі халыққа тым жақын болып кетті. Жұрт та оны емін-еркін қабылдайды. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Әңгімесі мен әрекеті бір-біріне сай жандар да баршылық. Тіпті кейбіреулер бір әзілді 10-15 жыл ойнап, жалғыз образбен бар ғұмырын өткізеді. Ал театр деген бөлек дүние. «Бауыржан шоуда» дайындық қызу жүретін. Түрлі жағдайды құбылтып ойнадық. Әртістің ең басты қасиеті – көру, сену, сезіну және оны халыққа шынайы жеткізу болып табылады. Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нұрекеев, Бауыржан Ибрагимов ағаларымыз керемет, сәтті образдарымен есте қалды.

Жас қазақ: Сәбит мырза, өзіңізді директорлық қызметтің жұмсақ креслосына жайғасқалы сахнадан жоғалтып алған жоқсыз ба? Өзіңіз басқаратын Мүсірепов театрында рөліңіз бар ма? Әлде сатираның әртісіне жастар театрының сахнасы жат па?

Сәбит Әбдіхалықов: Театрда шамам келгенше қызмет еттім. Бойымдағы талант пен талабымды көрсете отырып, өнерге деген сүйіспеншілігімді жеткізе алдым деп ойлаймын. Әр нәрсе өз уақытымен. Бірақ сахнадан өзімді жоғалтып алдым деп ойламаймын. Алдағы уақытта Алла сол жолға қайтадан салуы да мүмкін. Ал қазіргі менің қызметім, жауапкершілігім осы театрға тікелей байланысты болып тұр. Театрдың дұрыс бағытта жұмыс істеуі, репертуарлық саясаты, көрерменді қызықтыра білу, басқа да маңызды шаруа бастан асады. Содан болар, өз шығармашылығыма уақыт болмай жүр. Өйткені басшылық деген баланың ойыны емес. Бітірген мамандығым – драма актері. Қазір сахнаға шығып, қойылымға дайындалатын болсам, рөлімді бір кісідей алып шығуға шамам жетеді. Бірақ дәл қазір мақсатым мен алдыма қойылған талап мүлде бөлек. Бұған қоса, заң талабына сәйкес, директор өз театрында рөл сомдай алмайды.

Дереккөз: jasqazaq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.