Ақтауда 29011 әскери бөлімінің базасында әскери теңізшілер салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің құрамында гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің құрылуының 10 жылдығын атап өтті, деп ZhambylNews хабарлады.
Салтанатты шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері мен шақырылған меймандар қатысты. ҚР Әскери-теңіз күштері гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің негізгі мақсаты Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңізде жүзу және кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін навигациялық жабдықтың құралдарын дұрыс қолдану және пайдалану болып табылады.
Қызметтің әскери қызметшілері теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде маяктардағы кезекшіліктерін лайықты түрде атқаруда. 2011 жылы гидрографиялық қамтамасыз ету жүйесінде маяктың жұмыс жасау режімі туралы қызметтің кезекші диспетчерін хабардар ететін қашықтықтан мониторингтеу жүйесімен жабдықталған заманауи қолшамдар орнатыла отырып, жарық беру техникалық жабдықтың кешенді жаңартылуы жүргізілді.
Бүгінде маяктар басшылыққа нақты навигациялық жағдай туралы ақпаратты уақтылы беру үшін байланыс құралдарымен жарақталған. «10 жыл ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Маяктардың барлық дерлік инфрақұрылымы көтерілді. Бізде «Жайық» гидрографиялық кемесі бар.
Оның көмегімен 20 мыңнан аса теңіз навигациялық карталары жаңартылды. Сондай-ақ біз Каспийдің солтүстік бөлігін қауіпсіз деп айта аламыз. Себебі, біз орнатқан алдын ала ескерту белгілері арқылы біз қауіпті жерлерге кез келген кеме өте алатындай етіп теңіз жолдарын салдық. Осы үш негізгі тармақтар бойынша қойылған тапсырмалар толық көлемде орындалды.
Бірақ, біз осымен тоқтап қалмаймыз. Гидрографтардың жұмысы ешқашан аяқталмайды, — деді Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің бастығы 2-дәрежелі капитан Мирхат Ерзин. Салтанатты іс-шара қорытындысы бойынша мерекелік концерт ұйымдастырылды.