Бүгін әлем Халықаралық әйелдер күнін тойлап жатыр

0 8

Бүгін «Халықаралық аналар күні» мерекесі. Әлемнің көптеген елінде тойланатын бұл ерекше мейрам көктемнің алғашқы аптасында, алғашқы мереке болып тойланады. Бұл мереке екі жылдан бері елімізде аталып өтетін «Алғыс айту күні» (1 наурыз) мерекесінен кейінгі көктемнің екінші мейрамы ретінде тойланып келеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 Көктем мерекесі атанып кеткен Халықаралық әйелдер күнінің шығу тарихына көз жіберсек 1910 жылы Копенгагендегі социалист әйелдердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері К.Цеткинаның ұсынысы бойынша наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. Ал 1914 жылдан кейін көп елдерде нақ осы күн әйелдер мерекесі ретінде аталатын болды.

Бұл күн — әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады.

Қазақстан Республикасында да бұл мерекеге аса мән беріліп, осы күні елорда мен барлық облыстарда мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

Ал Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын «Көктем шуағы» атты кездесу ұйымдастырып, еліміздегі қоғамға белгілі, елімізге еңбегі сіңген қыз-келіншектермен, аналармен кездесуді дәстүрге айналдырды. Сол дәстүр бойынша Елбасы кеше әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтады.

«Ең алдымен баршаңызды көктем мерейін ала келген тамаша мереке — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «Ұл туса — ұрпағым өседі, қыз туса ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең байтақ Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады» — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жылда жеке қабылдау ретінде өтетін бұл дәстүрлі кездесу биыл Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында мерекелік концерт ретінде тойланды.

Дереккөз: Baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.