Отандық телеарна дәуірінің басталғанына – 60 жыл

0 20

Биыл қазақ телевизиясының тұрақты түрде эфирге шығып, көрермен көзайымына айналғанына 60 жыл толып отыр. 1958 жылы 8-наурызда алғаш рет тестілік режимде сигнал таратылса, 16-наурыздан бастап тұрақты түрде эфирге шықты. 60 жылда ақпарат кеңістігінен ойып тұрып орын алған қазақ телевизиясының қара шаңырағы — «Qazaqstan» ұлттық арнасы. Әр үйдің төрінен орын алған көгілдір экраннан сан түрлі бағдарлама көрерменге жол тартты. Талай тарихи сәттер мен айтулы оқиғалар осы телеарнаның архивіне қатталды. Дәл осы қара шаңырақта көптеген қазақ зиялысының қолтаңбасы қалды. Заман ағымына сай өзгеріп, түрленген телеарна бүгінде өзге елдердің озық арналарымен бәсекеге қабілетті. Әлемнің бірнеше елінде меншікті тілшілері бар, олимпиада ойындары секілді әлемдік спорт сайыстарынан тікелей трансляциялар тарата алады.

Жыл басынан бері 60 жылдық мерейтойды атап өту барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. «Алтын қордағы» ең үздік, танымал телеөнімдер эфирден қайта ұсынылуда. Көрерменнің жадында жатталған кәсіби дикторлар жас жүргізушілерге үлгі көрсетіп, көгілдір экранға қайта шығып жатыр.

Басты арнаның құрамында бұл күнде 3 телеарна, 4 радиожелі мен 14 аймақта филиалы бар. Облыс жаңалығын көрермен қауымға дер кезінде жеткізіп, республикалық деңгейде эфир таратып жүрген бөлімнің бірі – «Jambyl» облыстық филиалы.

Жүзге жуық қызметкері бар телеарна 17 сағат хабар таратады. Ойын-сауықтық, саяси, танымдық, балаларға арналған түрлі бағдарламаларымен көзі қарақты көрермен көңілінен шығып келеді.

Мерейтой құрметіне осы арнада шыңдалып, бүгінде басқа бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген білікті журналистер студия төрінде көрерменмен қауышты.

Ардагер мамандар түрлі бағдарламаларға қонаққа шақырылды. Ал бүгін облыс жастары мерейтоймен құттықтау мақсатында телеарна алдында 60 санын бейнелеп, флеш-моб өткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.