Асқар Жұмағалиев қағаз журналдан бас тартуды тапсырды

0 3

Ақтөбеге жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев келді. Ол мектептердегі цифрландыру жұмысымен танысты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы электронды күнделік енгізу бойынша елімізде 12 орында тұр. Бұл төмен көрсеткіш. Қазіргі күні облыс орталығындағы мектептер күнделікті енгізіп, пайдаланып жүр. Ал ауылдық округтер енді қолға алды. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, наурыз айында барлық мектеп мұғалімі электронды күнделікті пайдаланады. Бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеуге, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді.

«Өткен жылы электронды күнделік бағдарламасы өңделіп, биыл іске қосылып жатыр. Ақтөбе қаласы бойынша барлығы — 79 мектеп бар. Жоспар бойынша облыс орталығындағы мектептерді наурызда 100 пайыз қамтимыз. Тек интернет кедергі болып тұр. Енді бізге Күнделік пен Білім сайттарын біріктіріп, мүмкіндікті арттыруды ұсынып отырмыз», — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Болашақ ықшам ауданындағы Ж.Тәшенов атындағы орта мектептің жұмысымен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев қағаз журналдар мен күнделікті қолданыстан шығаруды тапсырды.

«Мектепте электронды күнделік пайдаланылады. Мобильді қосымша балалар мен ата-анаға ыңғайлы. Сондықтан қағаз күнделікті қолданыстан шығару керек. Күнделікті енгізу, білім сапасына да жақсы әсерін беруі керек. Халықаралық талаптарға сай, біз осы бағытта да жұмысты күшейтеміз», — деді Асқар Жұмағалиев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.