Мемлекет тегін беретін дәрілердің 95% cатып алынды – Біртанов

0 9

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмектің 95%-ы сатып алынғанын мәлімдеді.

Отырыста Елжан Біртанов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа 2016-2019 жылдарға жоспарланған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын баяндай келе, елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық дәрінің бағасын реттеуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл заң Парламенттің қарауында жатыр.

«2017 жылы отандық тауар өндірушілермен 25 жаңа ұзақмерзімді шарт жасалды. Бұл отандық тауар өндірушілердің дәрілік заттарды сатып алу үлесін 48%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Отандық тауар өндірушілер көлемінің өсуі 33%-ды құрады. Нормативтік-құқықтық базаны кеңейту және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету нәтижесінде дәрілерді сатып алуға жұмсалатын қаражаттың 18,2 млрд теңгесі үнемделді. Олар дәрілік заттарды қосымша сатып алуларға жіберіледі», — деді министр.

Кейін Елжан Біртанов мемлекет тегін беретін дәрілердің басым бөлігі сатып алынғанын жеткізді.

«Бүгінде тегін медициналық көмектің кепілдік беретін көлемін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жылдық қажеттіліктің 95%-ы сатып алынды. Дәрі-дәрмек бірыңғай дистрибьютор қоймасында. Сондай-ақ бұл дәрілер өңірлерге жеткізілуде. Дәрінің қалған 5% осы айдың соңына дейін сатып алынады», — деді ол.

Осы орайда министр бірқатар өңір дәрілік заттарды амбулаториялық-емханалық жүйелер арқылы босата бастағанын жеткізді. Оның пікірінше, осыған байланысты әкімдер дәрілік заттардың емханаларға жеткізілу және тарату процесін бақылауға алуы қажет.

Сонымен қатар Елжан Біртанов халықты дәрімен қамтамасыз ету кезінде бірқатар жүйелі проблема анықтағанын мәлім етті.

«Қаңтар-ақпан айларында министрлікке дәрілік қамтамасыз ету бойынша 600-ден астам өтініш келіп түсті. 2017 жылдың соңында тегін дәрілермен қамтамасыз етілген кейбір пациентке қоңырау шалдық. Жүргізілген сауалдың нәтижесінде олардың шамамен 20%-ы дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды. Ал ақпараттық жүйеде бұл пациенттер препаратты алған деп тіркелген. Осының негізінде министрлік қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елдің барлық өңірінде медициналық ұйымдарда жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Соның нәтижесі бойынша проблемаларды жою мәселесі қаралып жатыр. Ал кей жағдайда тәртіптік жаза шараларын қолдану секілді қосымша шаралар қабылданады», — деді министр.

Сөз соңында ведомство басшысы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, осы жылы мемлекеттің міндеттемелерін нақты шектеулермен тегін медициналық көмектің кепілдік берген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Осыған орай министрлік 2018 жылдың 10 сәуіріне дейін әкімдіктермен бірлесіп, бөлініп отырған қаражатқа сәйкес 2019 жылға дәрілік заттардың нақты көлемі мен тізбесін қалыптастыру жұмыстарын жүргізеді», — деп түйіндеді сөзін Елжан Біртан

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.