Қайрат Нұртастың фильмі ең үздік деп танылды

0 7

Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы отандық кинематографияның 2017 жылғы үздіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыншылар таңдауы-2018» жүлдесін тапсыру салтанаты Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өтті. Үздіктер 13 номинация бойынша марапатталды. Қауымдастық президенті Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, «Ең үздік фильм (комедия/шытырман/экшн жанры)» аталымында жеңімпазды анықтау қиынға соққан. Киносыншылар «Арман», «Бөлінбейтін», «Келін де адам баласы», «Қазақша кәсіп Америкада» фильмдері арасында ең үздікті анықтауда ұзақ пікірталасқан. Нәтижесінде, режиссер Рашид Сүлейменовтің «Арман» картинасы екі дауыс айырмашылықпен жеңіске жетті.

Фильмнің продюсерлері — Гүлзира Айдарбек пен Рая Адығанова. Басты рөлдерді әнші Қайрат Нұртас пен оның жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова ойнады. Жұлдыз сондай-ақ, «Ең үздік әйел рөлі» номинасын жеңіп алды.

Ал «Үздік драма» аталымы бойынша жүлде «Оралман» фильміне (режиссері — Сәбит Құрманбеков) тапсырылды. Айта кетейік, туынды бірнеше халықаралық кинофестивальдарда үздік танылған болатын.

Режиссерлар мен продюсерлерге «Сыншылар таңдауы-2018» жүлдесіне ие болуы үшін өтінім берудің қажеті жоқ. Киносыншылар отандық прокатқа шыққан немесе жалпы қоғам назарына ұсынылған фильмдерді өздері саралап, жүлделерді 13 номинация бойынша үлестіреді.

Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы 2014 жылы құрылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.