2022 жылға дейін мұқтаж студенттер жатақханамен қамтылмақ

0 11

Елімізде 75 мың студент жатақханадан орын алуға өтініш білдірген. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламентте жариялаған үндеуінде осы мәселені қолға алуды тапсырып, бизнес өкілдерінің инвестицияларын тарту қажеттігін айтты.

Еспенбет Қалшыора – Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті. Кезінде мемлекеттік грантты иеленген жас жігіт жоғары оқу орны тарапынан жатақханамен қамтамасыз етілген. Ол тұратын жерім болғандықтан, оқуыма жіті көңіл бөлуге мүмкіндік алдым дейді. Жатақханада тұру үшін Еспенбет жылына бар-жоғы 40 мың теңге төлейді.

Еспенбет Қалшыора, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

– Ақша жағынан да тиімді. Студенттің қалтасынан қақпайды. Бірге сабақ оқуға, белсенді өмір сүруге ықпал етеді. Студенттер үйінде орын алмаған студенттер де бар. Бізге қызығушылықпен қарайды. Еуразия ұлттық университеті грант пен «Алтын белгі» иегері атанған 5 мың студентті жатақханаға орналастырған. Алайда кезекте тағы 3 жарым мың студент тұр. Оқу орны былтыр 500 орындық ғимараттың құрылысын аяқтады. Енді осы мәселені толықтай шешу үшін іске бизнес өкілдерін де тартуды көздейді.

Әлібек Мәдибеков, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ департамент басшысы:

– Жеке кәсіпкерлер бар. Ұсыныстарын, тиімділігін қарастырып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Хостелдер дейді ғой. Ол жерде студенттер топтасып тұрады. Бірақ бағасы арзан болу мәселесін қарастырамыз. Бизнес өкілдері мен біздің университеттің келісімі арқылы осындай шешім қарастырамыз. Қазір республика бойынша 75 мың студент жатақханаға мұқтаж. Білім және ғылым министрлігі өкілдері мәселені түбегейлі шешу үшін заңнамалық өзгерістер керектігін айтып отыр.

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

– Кейбір жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасастық. Бұл бағытта әлі де жұмыс жүргізу керек. Ең алдымен заң жүзінде өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Сол себепті біз бірқатар ұсынысты әзірлеп, тиісті жұмыстарды қолға алдық.

Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұл түйткілді қолға алу қажеттігін қадап айтты. Яғни 2022 жылға дейін жатақханаға мұқтаж студенттердің мәселесі толық шешімін табуы тиіс.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.