Еуропада қазақ әндері шырқалды

0 16

Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ әншілері Эстония Республикасының астанасы Таллин қаласында өнер көрсетіп,  шетелдік көрермендердің қошеметіне бөленді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Қазақстандық өнер майталмандары Таллиндегі Қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесін тойлап, онда Шәмші мен Абайдың әндерін әуелетті. Сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі әндері мен классикалық шығармаларын орындап, бірнеше күйлер шертті. Сөйтіп  дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет қайраткері, Облыстық опера және балет театрының әншісі Үралхан Сейілбекова мен Ерлан Жандарбай XX ғасырдың әлемге әйгілі опера солисті Георг Отс атындағы «Sõprus -2018» фестивалінің гала-концертіне  қатысып, ән шырқады. Қазақтың ұлттық киімімен сахнаға  шыққан қос әншіге соғылған шапалақ біразға дейін тоқтамаған. Опера әншісі Үралхан Сейілбекова «Бұлбұл» әнінен кейін халықтың сұранысы бойынша  қазақтың тағы бір әнін көпшілікке тарту етсе, Ерлан Жандарбайдың шырқаған итальянша әні көрермен  көңілінен ерекше орын алған.

Айта кетсек, Финляндия Республикасының Хельсинки қаласында өтетін «Жұмбақ Жібек жолы» Халықаралық ашық ортаазиялық фестиваліне Қазақстанның атынан қатысу үшін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері мен Облыстық опера және балет театрының солистері, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының өкілдері  аттанған болатын.

Күні бүгінге дейін, аталған елдің бірқатар қалаларын аралап концерттік бағдарламалармен жұртшылықты тәнті етіп үлгерген өнерпаздар Швециядағы қазақ ұлттық мəдени орталығының Наурыз мейрамына да қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.