Батыс Қазақстанда су деңгейі көтеріледі

0 8

Батыс Қазақстан облысының су қоймаларында алдағы күндері су деңгейі көтеріледі. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облыстық су тасқынына қарсы штабтың кезекті отырысында мәлім болды.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары Данияр Исмурзиннің айтуынша, 31 наурыз — 6 сәуір аралығында күн жылынып, қар еріп, жауын-шашынның түсуіне байланысты су деңгейі көтеріліп, тасуы да ықтимал. Сондықтан сақтық шараларын алу қажет-ақ.

БҚО ТЖ департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтің сөзіне қарағанда, су тасқыны жағдайына күн сайын мониторинг жасалуда.  Күні бүгінге дейін 500 мыңнан астам текше метр қар шығарылып, 17 мыңға жуық текше метр су сорылды. Өзендерде мұз кептелісі орын алмас үшін 215 мың шаршы метр ауданнан 34346 ойық ойылды. Биыл тиімді болғандықтан, мұзды жару емес, кесу жұмыстары атқарылуда.

Облыста республикалық маңызы бар автокөлік жолдарындағы барлық су өткізгіш арықтар тазартылды. Жергілікті жолдардағы арықтардың 86 пайызы аршылған, бұл жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда өзендердегі қауіпті тұстар анықталып, оларға екі ауысымдық кезекшілік қойылған. 10 сәуірден бастап ТЖ департаменті үш ауысымдық қызмет түріне көшеді.

Өңір басшысы тиісті қызметтерге, сондай-ақ қала мен аудандар әкімдеріне көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу үшін барлық шараларды алуды тапсырды.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.