Жамбыл облысында өрт пен суға кету оқиғасы жиілеген. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде соңғы 5 жылда өрт салдарынан 94 адам көз жұмған. Тағы 120 адам суға кеткен. Оның 52-і бала. Биыл жыл басынан бері 1 суға кету дерегі тіркелді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, тілсіз жаудың құрбаны болатындар жаз айларында көбейеді.
«Бұл ересектердің салғырттығы мен немқұрайлығынан болады. Көбінесе олар балаларын бақылаусыз жібереді», – дейді мамандар.
Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар «Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар!» атты облыстық флэшмоб түріндегі акция өткізді. Оған жергілікті студент жастар, оқушылар мен қала тұрғындары келді. Онда мамандар төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер, өртке қарсы нұсқаулар мен эвакуациялау бойынша жаттығуларды үйретіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жалпы шараға 1000-нан астам адам қатысты.