Қытайда қамауға алынған он екі қандасымыздың тоғызы бостатылды. Бұл туралы бүгін еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қос азаматтық алғаны үшін ұсталған этникалық қазақтар мәселесі Үкіметтің басты назарында. Осыған орай сәуір айында Қытай тарапымен екі мәрте кездесу өткізіліп, түйткілді жайтты шешу жолдары талқыланды. Ал қалған 3 азаматқа қатысты жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР сыртқы істер министрі:
– Сыртқы істер министрлігінде қиындыққа тап болған 170-тей этникалық қазақ туралы ақпарат бар. Оларға қатысты мәліметті туған-туыстарынан біліп жатамыз. Біз өз тарапымыздан әрбір азаматтың тағдырына бейжай қарамауға тырысамыз. Азаматтардың мүддесін қорғау үшін қытайлық тараппен келіссөз жүргізуде ешқандай кедергі жоқ.