Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2017 жылғы министрлік атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы өткен баспасөз мәслихатында «Рухани жаңғыру» логотипін өзі басқаратын ведомство қызметкерлері әзірлемегенін айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz — ке сілтеме жасап.
«Бізге плагиат дейтіндей ешкімнен ресми арыз келіп түскен жоқ. Егер келсе біз онымен жұмыс істейтін боламыз. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қызметкерлері бұл логотипті әзірлеген жоқ. Бұл мәселе «Рухани жаңғырудың» жобалық кеңсесі аясында жүргізілді, оған осы бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты барлық министрлік өкілдері кіреді. Кімнің кінәлі екенін іздемейміз, себебі осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін бәрімізге бірдей жауапкершілік жүктелді», — деп жауап берді Абаев журналистер қойған сауалға.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желі қолданушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ресми логотипі франциялық L’Aigle De Patmos Theatre ұйымының белгісіне ұқсайтыны туралы жазған болатын. Сонымен қатар, франциялық ұйымының логотипі интернетте 2009 жылдан бастап жүргені белгілі болды.