Журналист: Брестте неміс басқыншыларының танкін алғаш болып жарған жауынгердің ұлты – қазақ

0 0

Осыдан тура 77 жыл бұрын неміс басқыншылары Брест қамалына шабуыл жасаған еді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.

Осылайша әлем тарихындағы қанды қырғынның бірі ІІ дүниежүзілік соғыс басталды. Белорус, орыс және украин ұлттарының өкілдерімен бірге қазақтың батыр ұл-қыздары да жауға қарсы тұрды. Беларусь тарихшылары бұл қасіретті күнді жан-жақты зерттеп, соғыс басталған сәтті еске түсірді.

Брест қаласына шабуыл таңғы сағат 4-те жасалды. Алдымен алыстан оқ жаудырған неміс басқыншылары көп ұзамай қамалды басып алуға көшті. Санаулы сәтте ғимараттар қирап, байланыс үзілді. Гитлердің жоспары бойынша, фашистік Германия Брестті 8 сағатта бағындыруы тиіс еді. Алайда кеңес жауынгерлері оған жол бермей, тұтқиылдан төнген жауға бір ай бойы төтеп берді. Ал Қосағаш ауылында дүниеге келген Нұрмағанбет Ұлықбаевтың ерлігін біреу білсе, біреу білмейді.

Тимур Камашев, журналист:

«Неміс басқыншыларына тиесілі танкті алғаш болып жарған жауынгердің ұлты – қазақ. Бұл – ресми расталған оқиға. Яғни жаудың техникасын бірінші болып жойған сарбаз Қазақстаннан шықты.

Журналист Тимур Камашев – осы тақырып бойынша зерттеу жүргізген тілшінің бірі. Тіпті, ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерінің туыстарын да іздеп тауыпты. Нұрмағанбет Ұлықбаевты жақындары із-түзсіз жоғалғандардың қатарына қосқан көрінеді.

Сайран Ұлықбаева, Нұрмағанбет Ұлықбаевтың туысы:

«Екі ағайынды еді. Ағамыз және біздің әкеміз. Оның қайда жерленгенін осыған дейін білгіміз келсе де, ешбір жерден ақпарат таппадық. Енді әкеміздің аманатын орындап, ағамыздың рухына тағзым етуге келдік».

Батырдың туыстары туған жердің топырағын алып келуді де естен шығармады. Өздері де ағалары жан тапсырған жердің бір уыс топырағын ала кетпек. Ер есімін елге жеткізу үшін Тимур Камашев 7 жыл еңбектеніпті. Енді қазақ жауынгерінің ерлігі жайлы тек оның туыстары ғана емес, күллі қазақ халқы білетін болады.

Григорий Бысюк, «Брест қамалы» музей кешенінің директоры:

«Бұл күні батырдың туыстары Брест жеріне келгеніне қуаныштымыз. Жауынгердің рухына тағзым етіп, туған жердің топырағын ала келіпті. Оларды әрқашан құшақ жая қарсы аламыз».

Брест қамалын қорғау жолында 2 мың сарбаз қаза тауыпты. Зұлмат соғыстың алғашқы сәттеріне куә болып, жауға қарсы тұрған батырларды ұлықтау жергілікті тарихшылардың басты мақсаты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.