ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы әлеуметтік желіде тараған ҰБТ сұрақтарының суреті бойынша құқық қорғау органдарына шағымданды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы Рамазан Әлімқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Кейбір БАҚ биылғы ҰБТ сұрақтары әлеуметтік желіге тарап кетті деп ақпарат жазды. Бұл бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне хат жолдадық. Тест тапсырмаларының мазмұны, олардың интернетте заңсыз таралуы бойынша мән-жайды анықтауды сұрадық. Енді олардың ресми жауабын күтеміз», — деді орталық басшысы.
Сондай-ақ, тестілеудің алғашқы үш күнінде ереже бұзған 3 мектеп бітіруші аудиториядан қуылған.
«Бірінші жағдайда мектеп бітіруші тест кітапшасын дәретханаға апарған және бір парағын жыртқан. Бұл — өрескел заңбұзушылық болып саналады. Екінші жағдайда мектеп түлегі аудиториядан шығып, мобильді байланыс ұстайтын жерге барып, ұялы телефонмен сөйлескен. Үшінші бала да аудиториядан шығып, дұрыс жауаптар кодын алақанына жазған. Үш оқиғаны да мемлекеттік комиссия өкілдері тіркеуге алып, хаттама толтырды, балалардың жауаптары жойылды», — деді Р. Әлімқұлов.