Қазақстанда 20 млн тонна астық жинау жоспарланып отыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА 24.kz сайтына сілтеме жасап.
2019 жылдан бастап елімізде егін жинау жұмыстарына арналған арзандатылған жанар-жағармайды электронды бөлу және өткізу тәжірибесі енгізілмек. Биыл бұл пилоттық жоба Павлодар өңірінде сәтті жүзеге асты. Жалпы, Жамбыл және Түркістан облыстарында егін жинау науқаны аяқталып қалды.
Биыл бұл өңірлердегі орташа түсімділік гектарына 21 центнерді құраған. Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында астық әлі де орылып жатыр.
Болжам бойынша ағымдағы жылы 20 млн тонна өнім жинау көзделген. Қуаңшылық жағдайға қарамастан, бұл жақсы көрсеткіш. Айта кетейік, 2016 жылы елімізде астық рекордтық мөлшерде жиналған. Ал өткен жылы 21 млн тонна өнімді місе тұттық. Мамандар техникалардың сақадай сай екенін айтып отыр.