Жамбылдықтар биыл қыстан қысылмай шыға ма?

0 0

Қақаған қыс бастала қатты отынның тапшылығын сезінетін жамбылдықтар биылғы жылыту маусымына қаншалықты дайын? Бұл сұрақтың жауабы бүгін өткен баспасөз-турында айтылды. Жауапты мамандар тұрғындарға көмірдің жеткілікті екендігін баяндады, —  деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қазіргі уақытта Екібастұз, Қаражыра, Шұбаркөл көмірлері сұранысқа ие. Өткен жылмен салыстырғанда қатты отынның бағасы өскен. Қазір кө­мір­дің бір тон­насы үшін орташа баға – 13 500 теңгені құрайды.

Қаладағы тек Шұбаркөл көмірін сататын  «Даурен 98» көмір қоймасында 3-4 мың тонна көмір бар. Ал, Шалғай Қарасуда орналасқан «КЭМА» көмір қоймасындағы қатты отынның көлемі 7 мың тоннаны құрайды.

«КЭМА» ЖШС-нің директоры Еркін Құрбановтың  айтуынша, қазір қатты отынның әр түрінен 7 мың тонна көмір дайын тұр. Көмір салып, жеткізуге  техникалар жеткілікті.

Еркін Құрбанов, «КЭМА» ЖШС-нің директоры:

Көмірлер Екібастұз, Қарағандыдан алып келінеді. Қазіргі уақытта көмір бағасы сұрпына байланысты 10 мыңнан 16 мыңға дейінгі бағаны құрайды. Біз көмірлерді жетпей қалмасын деп бұл жылы көбірек алып келдік. Халық көмірді асықпай күн суығанда ғана алады. Міне, сол кезде көмір жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап алып қойса баға бір қалыпты болады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 10-ға жуық қатты отын қоймасы бар. Барлық көмір базасындағы баға да тұрақты. Мәселен, шұ­бар­көл – 13-14 мың теңге, екібастұз – 10 мың теңге, қаражыра -14 500 теңге және қазіргі таңда сұранысқа ие  сапалы көмір 16 мың теңгені құрап отыр. Қазір баға бірқалыпты болғанымен, суық түскенде алыпсатарлар қара алтын құнын еселеп қымбаттатуы мүмкін. Осындай қиындықтардың алдын алу мақсатында жергілікті билік шара қолданып, ертерек қамданса деп отыр. Ал, отын базасындағылар алдағы қыс маусымында тұрақтылықты сақтап, тапсырыстарын орындауға алдын ала дайындалғанын айтады. Былтыр вагондардың жетіспеушілігі салдарынан көмір тапшылығы орын алып, қиыншылықтарға тап болғанын да жасырмайды. Жамбылдағы қоймаларда қатты отын тау-тау болып үйіліп жатыр. Күн суытса сұраныс та артып, бағасы да құбылатыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, өткен жылы бір тонна қатты отынның құны 25 мың теңгеге жеткен болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.