Ататүрік елінде алғыс арқалаған аналар

0 11

Ағымдағы жылдың қарашасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің делегациясы Анкарада өткен  Түркі мәдениеті халықаралық ұйымында (ТҮРКСОЙ) түркі халықтарының рухани-мәдени мұрасындағы ана бейнесіне арналған «Түркі әлемінің аналары: дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық дөңгелек үстел мен «Түркі әлемінің аналары» атты халықаралық көрмеге қатысты.

    Шараның мақсаты – түркі өркениетіне тән ана болмысын, мейірім мен даналықты, рухани қайсарлықты және ұрпақ сабақтастығын дәріптеу. Іс-шара халықаралық «Түркі әлемінің аналары» көрмесі аясында ұйымдастырылып, аналар тұлғасы арқылы түркі халықтарының ортақ мәдени кодын таныстыруға бағытталды.
    Түркияда өткен жиын ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен Ақтау қаласында ұйымдастырылған бес кеселдің алдын алу жөніндегі халықаралық семинардың жемісті жалғасы. Аналардың басқосуында отбасы тәрбиесі, әйелдердің қоғамдық өмірге белсене қатысуы, ана болу құндылықтарын нығайту және мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ҚХА жүзеге асырған ағартушылық және әлеуметтік бастамаларға ерекше назар аударылып, отбасылық тәрбие, қоғамдық бірлікті нығайту саласындағы жобаларын іске асыру тәжірибесі ұсынылды.

         Жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің қоғам қайраткерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысы.
Елімізден Ататүрік еліне ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи бастап барған делегация құрамында Жамбыл жерінен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының басшысы, аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали және  «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі  Аналар кеңесінің төрайымы Роза Изьятова бар.

         Жиында сөз алған Назипа Ыдырысқызы аналарға арналған халықаралық қоғамдық ұйым құру туралы бастама көтеріп, оның рухани мұраны сақтау мен гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту ісіндегі маңыздылығын атап өтті. Қолдау тапқан жағдайда бұл құрылым «Түркі әлемінің аналары» атты халықаралық қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істей алатынын жеткізді.

         Түркі халқы аналары отырысының соңы  ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың түркі әйелдерінің рухани көшбасшылық рөліне жоғары баға беріп, әлеуметтік — ағартушылық бастамаларды дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоғамдық бірлікті ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі үшін Назипа Шанаиға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының жоғары марапаты  Алтын медаль және «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып жүрген ҚХА Аналар кеңесінің белсенділеріне Алғыс хаттар табыстаумен өз мәресіне жетті.

Оңғар Назерке Сайлауқызы

«Қоғамдық келісім»  КММ Ақпараттық жұмыс

 және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші сарапшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.