Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ақын, көсемсөзші, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Тілдерді оқыту орталығынан «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинетін ашты. Бұл туралы «ZhambylNews» АА хабарлайды.
Кабинет латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіру, жаңа әліпби тізбегіндегі әріптерді үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында ашылды. Көздегені: латын графикасына негізделген қазақ тілі әдебиетін түсіндіру, жаңа әліпби тізбегіндегі әріптерді үйрету сонымен қатар әдістемелік көмек көрсету. Латын графикасына негізделген қазақ жазуына көшу- бүгінгі заман талабы, уақыт сұранысы.
Қасиет Молғаждаров, Филология ғылымдарының докторы, профессор:
— Латын графикасын уақыттың өзі талап етіп отыр. Қазақ елі келешекте экономика болсын, жалпы ұрпақтың алға басуында, жаһандануда алдыға шығатын мемлектет ретінде, келешекте жемісін көретін дүние.
Кабинетте семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист-ғалымдардың онлайн семинарлары өткізілетін болады. Жаңа қазақ тілі әліпбиін үйренуге ниет білдірген азаматтар үшін кең мүмкіндіктер қарастырылған.
Қасиет Молғаждаров, Филология ғылымдарының докторы, профессор:
— Бұл әліпбиге қадам басуымыз өмірдің талабы бойынша, қоғамның өсуі, қазақстан елінің дамуы бойынша келе жатқан үрдіс. Жаһандануға кіріп біз енді тоқтамаймыз. Дамыған 20 мемлекеттің 18-і латын әріпін қолданатынын елбасы үнемі айтып жүр.
Кабинеттің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Тілеумұрат Шәбден, облыстағы ЖОО-ның ғалымдары, БАҚ өкілдері, Тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары қатысты.
Бүгінде әлемнің дамыған елдері латын әліпбиін қолданады. Сондықтан тілдің дамып өркендеуі, әр ұлттың өзіндік ерекшелегі оның тілімен айқындалатындығы анық. Жиынды қорытындылаған тіл жанашырлары, Латын әліпбиіне көшу- түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашатындығын айтты.