Таразда Ленин көшесінің атауы өзгереді

0 15

Тараз қаласында Ленин көшесі және бұрылыстарына «Бейбітшілік» атауы беріледі. Осы орайда, бүгін қалалық әкімдіктің мәжіліс залында мәслихат депутаттарымен көше атауын беру бойынша көпшілік тыңдалуы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жиынға қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, мәслихаттың тұрақты комиссиялары және қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бүгінде елімізде жер-су атауларын, жалпы ономастикалық жағдайды оңалту жұмыстары жүргізіліп келеді. Ұмыт болған көптеген топонимдік атаулар қайта жаңғыртылуда.  Қоғамдағы әлеуметтік ахуалды қалпына келтіру мақсатында  жүйелі жұмыстар жасалып жатыр. Десек те, сонау кеңес дәуіріндегі атаулардан  толығымен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Оның ішінде Тараз қаласындағы Ленин көшесін қайта атау туралы жергілікті тұрғындардан бірнеше рет  ұсыныс түскен. Осы орайда, шара барысында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева жаңа көше атауына байланысты жүргізілген сауалнамаға тоқталып өтті.

Бақыт Тоқсанбаева, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

— Ленин көшесінің ұзындығы 2928 метрді құрайды. Қазіргі таңда онда 178 үй орналасқан. Оның ішінде жүргізілген сауалнама нәтижесінде 123-і  қолдау білдірсе, 9-ы қарсы болды. Қалған үйлер бос болуына байланысты сауалнамаға қатыса алмады.

Сонымен қатар, қала тұрғыны, зейнеткер Бағдагүл Қарбозова жаңа атауға қарсы емес екенін, қолдайтынын жеткізді.

Бағдагүл Қарбозова, Қала тұрғыны, зейнеткер:

— Ленин көшесінің тұрғанына 15 жыл болды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асып отқан игі шараны қолдаймын. Сондықтан мен көшені «Бейбітшілік» деп атауға шақырамын.

Комиссия отырысының нәтижесінде, жиналған қауым бірауыздан көшенің жаңа атауына қолдау білдірді.

Айта кетейік, Таразда 334 көше атауы әлі күнге дейін орыс атауымен аталып жатыр. Қала тұрғындарының айтуларынша, қала аумағына енген саяжайлардың басымында Кеңестік кезеңде қойылған тақтайшалар әлі күнге дейін самсап тұр. Жалпы қала аумағындағы 900-ге жуық көшенің 171 жай мағынасыз атаулар болса, 163-іне өзге ұлт өкілдерінің есімдері берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.