Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұстаздары – доцент, Аймақтық менеджмент академиясының қауымдастырылған профессоры Бекболат Аманжолұлы, доцент, ф.ғ.к Жамбыл Елемесұлы, аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі Дархан Ізтілеуұлы «Үшбас» спорттық асық ойынын ойлап тапты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
– «Үшбас» асық ойынын араға ұзақ уақыт салып, әр түрлі идеямен, қазіргі заманға лайықты жасалған. Асық ойынын міндетті түрде далалық немесе үйішілік деп екіге бөлмей-ақ, бірден арнайы үстел үстінде (бильярдқа ұқсас) жиналмалы (шахмат тақтасына ұқсас), көтеріп жүруге ыңғайлы, көп жер алмайтын, бар болғаны 8-10 кв жерді қамтитын ұлттық нақышта жасалған (шаңырақ, ою-өрнек), 12 қой асығы (12 жыл атауына байланысты), 3 сақа (үш қасиетті сан), түсі қызыл (хан белгісі) және арнайы иық дорбасы (қазақи) түрінде алдық. Яғни, «Үшбас» спорттық асық ойынын ойыншылар арнайы жасалған үстел үстінде ойнайды. Үстел көлемі екі бөліктен 1×1м, бір-біріне шахмат тақтасы секілді қосылған, тақта ортасына шаңырақ суреті кескінделген, жалпы тақтаның төрт бұрышында қазақы ою-өрнек орналасқан. Тақтаның біріккен жеріне, яғни көнге 12 асық тігіледі, әр асық орналасқан жерінде қазақ халқының 12 жыл қайыру күнтізбесіндегі аң суреттері орналасқан. Тақта (үстел) биіктігі 40 см. Үстелдің шетіне сетка (тор) орналастырылған, оның биіктігі 18 см. Тор атылған асық түсетін жер, яғни асықтың шашылмай бір жерде болуына байланысты жасалды. Тор қақпаға ұқсас, екі шетінде тіреуі бар. Үстел беті арнайы матамен қапталған. Ойын төрешінің 3 сақаны бір қолдың алақанына алып, үстел үстіне шашып тастауынан басталады. 3 сақаның түсуіне байланысты (1 алшы, 2 алшы, 3 алшы немесе әр түрлі) ату кезегін анықтап алады, яғни алшы түсуі міндет болып саналады. Бұл ойынды екі немесе келісім бойынша жұп, топ болып ойнауға болады. Ойын бастаушы 3 сақаны алып (өзі немесе жұп, топ болып) ойынға кіріседі. Ойын ережесінде асық ойналатын үстелге өте жақын тұруға болмайды. Жақындап, ойынға кедергі келтірсе немесе ойын ережесінің бұзылу жағдайында айып төленеді. Айып ақшалай төленеді. Айып төленбесе ойыншы (жұп, топ) ойыннан шығарылады, бұл асық ойынының міндеті болып саналады. Оны төреші өзі белгілейді. Ойын үстелінен кері 1,2,3 метр, яғни ойыншының жас ерекшелігіне байланысты өріс сызығында тұрып, 3 сақамен кезек-кезек асықтарды атады. Әрбір ойыншыға асықты үш атыстан кезек беріледі. Үш атыстан кейін келесі беттегі ойыншы ойынды жалғастырады. Ол да дәл осы іс-әрекетті қайталайды. «Үшбас» спорттық асық ойынында ойыншылардың жас ерекшеліктері мен ату өлшемдері төмендегідей ескеріледі: 6-10 жасқа дейін – 1 метрден, 11-16 жасқа дейін – 2 метрден, 17 жастан жоғары – 3 метрден асықты үш атыстан кезек беріледі. Ойынды тек төреші ғана басқарады. Көнге жалпы 12 асық бір қатарға тізіледі, тігіледі. Ойыншы 3 атыс кезінде асықтар торға түсуі керек, ал сақаның қайда, қалай жатуы міндет емес. Тек асықтың торға түсуі есепке алынады. Асықтарды атқан кезде, асық үстел үстінде қалса, сол жатқан жерінде қалады, ал жерге түсіп кеткен жағдайда оны айып алаңына қоямыз. Айып алаңы үстел үстінде оң, сол қақпаның көнге жақын бұрыш жағы, арнайы белгіленген. Асықты айып ретінде бүк жағымен теріс қаратып қояды. Көндегі немесе айып алаңындағы асықты ататын кезде ойыншы қайсы бірін ататынын өзі таңдап алады, өзі шешім қабылдайды. Егер асық тор алдына тұрып қалса, яғни, алаң сызығының ішінде болса, онда асық сол жерде қалады, ал егер сыртында болса, онда асықты көнге қайта тігеміз. Асық тордың алдында емес, жанында болса онда оны қайтадан айып алаңына ережеге сәйкес қоямыз. Ойын 12 асық біткенше ойнала береді. Қазақ халқының жыл қайыру күнтізбесі үлгісінде жасалған 12 асық атылып біткен соң ойын қорытындысы шығарылып, жеңімпаз анықталады.Осылайша ойынға қатысушылар 12 асықты қайта көнге тігіп, ойынды қайта бастап, жалғастырады. Ойынды бастаушы өріс сызығын сол немесе оң аяғымен басып тұрып, оң (сол) қолындағы сақасымен көндегі асықтарды атады. Соққы неғұрлым күшті болса, тізілген асықтарды торға түсіреді. Ал ойынды бастаушы ешқандай асықты торға түсіре алмаса, ойынға екінші ойыншы кезегін алады. Ойын ережесі ойыншыларға бірдей, жоғарыда аталған ретте жүреді. Төреші ойыншының ұтқан асықтарын есепке алады. Қай ойыншының асығы көп болса, сол жеңімпаз болып есептеледі. Ойын тең болған жағдайда төреші «Үшбас» спорттық асық ойынының ережесімен екі ойыншының туған жылын қазақ халқының жыл қайыру күнтізбесімен анықтап, ойыншылардың өзіне тән жыл қайырудағы аң басына асықты қойып, яғни тігіп, атады. Асыққа тигізсе, ойыншы жеңген болып есептелінеді. Асыққа тигізбесе, келесі ойыншы осы ереже бойынша жалғастыра береді, яғни асыққа тигізу міндет, – деді асық ойынын ойнаудың әдіс-тәсілдері мен технологиясын түсіндірген Дархан Ізтілеуұлы.
Өнертапқыштар «Үшбас» спорттық асық ойынын жасы кіші балалар бір-біріне қамқор болып ойнаса, құрдастар бәсекелесіп, аға мен іні өздерін сынай ойнаса да болады дейді. «Бұл ойынның адам денсаулығына пайдасы көп. Ойын барысында жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, жеңесің, жеңілесің, ұтыласың, ұтасың. Міне, атадан балаға мұра болған тағылымы мен тәрбиелік мәні аса зор асық ойынының кереметтігі де осында», – дейді Бекболат Аманжолұлы.