Бүгін Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қала күніне» орай Тараз қаласының орталығынан орын алған, Жамбыл Жабаевтың жаңа ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қала әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімдігінің алдынан бой көтерген еңселі ескерткіштің биіктігі — 4 метр. Салмағы 1,5 тонна.
Жамбыл бабамыздың ескерткішін облыстық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы ашты.
Жамбыл – қазақтың ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрінің XX ғасырдағы туын биікке көтерген ұлы жырау.
Жамбылдың қанатты жырлары әлемнің елуге тарта тіліне аударылып, миллиондардың жүрегіне ізгілік нұрын септі. Біз мұны ең алдымен Жамбыл атамыздың өлмес өнері арқылы әлем жұршылығына қазақ халқының рухани болмысының танылуы деп білуіміз керек.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін тараздықтар Қала күнін тойлап жатыр.