Дәл қазір Жамбыл облысы Темір жол вокзалы аллеясында бой көтерген қала тарихынан сыр шертетін стелланың ашылу салтанаты өтуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ашылу салтанатында Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдазимов пен темір жол саласының ардагері, Тараз қаласының құрметті азаматы Сағымбек Ақшалов стелланың кермесін қиып, сөз сөйледі.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, 2000 жылдан астам тарихы бар Көне Тараз шахарының үлкен қақпасы, темір жол бекетінің алдына орналасқан стелланың мәні зор.
Стеллада қаламыздың тарихынан сыр шертетін балбал тасы орын алған. Мұнда «тәңір» деген сөз жазылған. Өңірімізден ғұламалардың да шыққанын көрсететін қауырсын, Жамбыл бабамыздың домбырасы, Ықылас Дүкенұлының қобызы бейнеленген.
Алғашында Талас кейіннен Тараз деп аталған бұл шаһар, 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қалаға өзінің тарихи атуы «Тараз» қайтарылды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін тараздықтар Қала күнін тойлап жатыр. Көне шаһардың мерекесіне орай, 20 нысан ашылады деп күтілуде.