Тараз қаласында қала күніне орай бірнеше ескерткіш ашылды

0 42

Қала күнінің қарсаңында көркіне көрік қосып, сәулеті мен келбеті жаңартылған шаһарда тыл еңбеккерлеріне, «Чернобыль» атом электр стансасының зардабын жоюға қатысушыларға және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер ашылды, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткішті тыл ардагерлері Жәнібек Майқанов пен   Раиса  Жандосова ашып, гүл шоқтарын қойды.

«Жеңіс» саябағында ашылған екінші ескерткіш — «Чернобыль» апатын залалсыздандыруға қатысушыларға арналған. Биыл атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына 32 жыл толды.Дүние жүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың зардабын жоюға 800 мыңдай адам қатысса, оның 32 мыңы қазақстандық еді. Чернобыльдегі радиактивті түтін 10-нан аса мемлекеттің 200 мың шаршы жерін ластады, 5 миллионға жуық адам оның зардабын шекті. Жарылыс күші бір мезгілде 100 атом бомбасы тасталғандай болды.


ХХ ғасырдағы ең ауыр техногендік апатты ауыздықтауға Жамбыл облысынан 1200 жерлесіміз қатысты. Олар өз денсаулығы мен өмірін құрбан ете отырып, радиацияның таралуына жол бермеуге ат салысты.


Бейбіт күндегі ерлеріміздің ерен ерліктері мен өнегелі істері бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге. Өткенді ұмытпау – оларға құрмет көрсету өскелен ұрпақтың парызы.

Ескерткішті Қазақстан Республикасы Чернобль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев және Жамбыл облыстық Чернобль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин ашты.

— Апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың еңбектерін бағалап, үлкен ескерткіш ашып жатқандарыңызға рахмет! Бұл ескерткіш жастарымызды Отанын сүюге баулуда тәлім тәрбиелік мәні жоғары деп ойлаймыз!, — деді Бақытжан Әшірбаев

Аталған саябақта ашылған үшінші ескерткіш — Ауған соғысы ардагерлеріне арналған.  Кеңестік солақай саясаттың салдарынан Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан 2236 жерлесіміз қатысты. Ал, 71 жас жауынгер әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты.

Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл  ашты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.