Мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілетін анықтама сырттай беріледі

0 3

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары қаралды, деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпарат Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, 674,2 мың мүгедек адам бар. Олардың 62 пайызы еңбекке жарамды жаста болса, 25,4 пайызы зейнет жасындағы адамдар. Ал 12,6 пайызы — 18 жасқа дейінгі балалар.  2018 жылдың қаңтарынан бастап мүгедектігі бойынша зейнетақының мөлшері 16 пайызға дейін артқан.

«Министрлік халықаралық тәжірибегі ескере отырып, 2018 жылдан бастап «Мүгедектікті, жұмысқа қабілеттілігін жоғалту деңгейін белгілеу және әлеуметтік қорғау шаралары қажеттілігін анықтау» мемлекеттік қызметін еліміздің 4 өңірінде автоматтандырылған режимде ілкі жоба ретінде іске қосты. Жаңа тетік өтінім берушінің кезекке тұрып, құжаттар топтамасымен түрлі мекемелерге жүгіну қажеттілігінен босатады. Оның орнына  медициналық мәліметтер негізінде азамат қатыспаса да сырттай куәландыру қарастырылған. Ілкі жоба Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылған. 2019 жылдан бастап жаппай іске қосу жүргізіледі», — деді ол.

Сонымен қатар оның айтуынша, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында Әлеуметтік қызметтер порталын енгізуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл портал  қызмет алушы мен әлеуметтік қызметтерді жеткізушінің бірыңғай цифрлық алаңда өзара әрекеттесуіне мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік қызметкерлер біліктілігінің жеткіліксіздігі проблемасын шешу мақсатында ЮНИСЕФ Балалар қоры жобасы аясында Ұлттық әлеуметтік жұмыстар жөніндегі ресурстық орталық құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған шаралардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі 500 мыңнан астам және өмірлік қиын жағдайда тап болған 116 мың адамның өмір сапасы мен қызметтерге қол жеткізу деңгейі жақсарады», — деді С.Жақыпова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.